ҰҚК Нұрлан Жұмасұлтановқа қатысты тергеу жүріп жатқанын растады
Ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) Нұрлан Жұмасұлтановқа қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатқанын ресми сауалға берген жауабында растады, деп хабарлайды Politico.kz Informburo.kz-ке сілтемемен.
«Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатқанын хабарлаймыз. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабының 1-тармағына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды», делінген ҰҚК жауабында.
Іс туралы алғаш журналист Михаил Козачков хабарлаған. Оның мәліметінше, Bek Air әуекомпаниясының іс жүзіндегі иесі деп сипатталатын Жұмасұлтанов Алматы әуежайында сақтаулы тұрған ұшақтардың қозғалтқыштарын ұрлады деген күдікке ілінген.
Журналист кәсіпкерді әуелі жауап алуға шақырып, кейін күдікті деп танып, ұстағанын жазды. Козачковтың дерегінше, 9 қыркүйекте Алматының тергеу соты Жұмасұлтановты екі айға қамауға алуға санкция берген.
Сондай-ақ журналист ұрланған қозғалтқыштардың бірі 2019 жылы апатқа ұшыраған Bek Air ұшағынан табылғанын, ал қозғалтқыштардың жоғалуына қатысты істі биыл ҰҚК тергей бастағанын хабарлады.
Козачковтың мәліметінше, Жұмасұлтановқа аса ірі мөлшерде ұрлық жасады деген күдік тағылған. Бұл бап бойынша бес жылдан он жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Соңғы жаңалықтар