"Ұрлап жатырмын": Тоқтар Серік ел естімеген құпиясын айтты
Белгілі әнші Тоқтар Серіков пен жұбайы Бейбіт Сейдуалиева бала тәрбиесіне ерекше мән беретінін мәлімдеді. Өнер иесі ұл-қыздарының тәртібі мен тәрбиесіне мұқият қарап, кейде қаталдық танытатынын жасырмайды.
Әншінің айтуынша, ата-ананың басты міндеті – баласын қорғап, дұрыс бағыт көрсету.
«Балаларымның қалтасын үнемі тексеремін. Жасыратыны жоқ, өйткені қауіптенемін. Әлдебір зиянды заттың, темекінің түйіршіктері шығып қалуы да мүмкін ғой?! Бізді әке-шешеміз солай тексерді. “Бөтен кісінің қолынан ештеңе алмаңдар” деп айтып отырамын. Балаларға телефон, гаджеттерді тек демалыс күндері, санаулы уақытқа ғана береміз. Біз асық ойнап өстік. Бұлардыкі осылай болып отыр. Кейде балалық шағын ұрлап жатырмын ба деп ойлаймын, бірақ ар жағы зіл», – дейді Тоқтар Серіков.
Жары Бейбіт Сейдуалиева да бұл пікірді қолдап, отбасында қатаң тәртіптің бар екенін айтады. Ол балалардың гаджетке тәуелді болмауы үшін белгілі бір ережені ұстанатынын жеткізді:
«Жұма күні сабақтан келе салып “айпад” деп айғайлап үйге кіреді. Басқа уақытта алдында қанша телефон, гаджет тұрса да, тиіспейді, ұстамайды. Бұл – отбасымызда қалыптасқан қағида», – дейді Бейбіт Сейдуалиева.
Олардың бұл көзқарасы – қазіргі замандағы бала тәрбиесіндегі өзекті мәселені айқындайды. Тоқтар мен Бейбіт балаларының саналы, тәрбиелі және жауапты болып өсуі үшін уақытты тиімді пайдаланып, дәстүрлі құндылықтарды сақтауға тырысады.
Соңғы жаңалықтар