Уролог Қазақстанда 1,5 миллион еркек бедеу екенін айтты

Уролог маман Нұрлан Мұқанов елімізде 1 жарым миллион еркектің бедеу екенін Aqarys Youtube арнасына берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды POLITICO.KZ Caravan.kz медиа порталына сілтеме жасап.
«Қазіргі таңда әйел мен еркектің бедеулігі тең. Еркектің бедеулігі әйелдің бедеулігінен көп болмаса, аз емес. Статистика бойынша, әлемде және Қазақстанда 15% еркек бедеу. 15% деген көп көрсеткіш. Яғни, Қазақстанда 1 жарым миллион еркек бедеу. Өкінішке орай, бұл көрсеткіш өсіп келеді. Әрдайым аурудың алдын алу жеңіл әрі арзан, ал асқынған ауруды емдеу қымбатқа түседі. Оның үстіне, емделу мүмкіндігі де тек 50/50», — деді уролог.
«Ең жиі кездесетін мәселе — бедеулік және оның жыл санап көбеюі. Еркектің мүшесінің әлсіздігі де жиі байқалады, сонымен қатар тез бітіру мәселесі. Әрбір екінші немесе үшінші пациент осы себептермен келеді», — деп қосып айтты ол.
Уролог маман бедеуліктің пайда болу себептерін де түсіндірді.
«Бедеуліктің екі түрі бар: туа біткен және жүре пайда болған. Туа біткен бедеулік анасының жатырында қалыптасады. Бұл жағдайда гормондар дұрыс жетілмей қалып қоюы мүмкін. Ал жүре пайда болған бедеулік — адам өмірінің барысында қалыптасады. Жыныстық инфекциялар да бедеуліктің себептері арасында жиі кездеседі. Еркектер жыныстық қатынаста серіктесін ауыстыру арқылы осындай инфекцияларды жұқтырып алады. Мүшеқап қорғайды деп ойлайды, бірақ ол 100% қорғамайды, себебі оның сапасы әртүрлі. Мүшеқаптың сапасы мен серіктесіңіздің инфекция деңгейіне байланысты, инфекция тері арқылы да жұғуы мүмкін. Вирустар мен бактериялар мүше арқылы аталық безге жетіп, қабыну тудырады. Бұл ұрықтың қозғалу жолдарын бітеп тастауы мүмкін. Егер еркек осы инфекцияны емдемей үйленіп, жұбайына жұқтырса, ол да бедеулікке ұшырауы мүмкін», — деп түсіндірді уролог Нұрлан Мұқанов.
Соңғы жаңалықтар





