«Үш адамның өмірін қиғаным жаныма батып жүр»: Пак сотта соңғы сөзін айтты

22.06.2026 15:29 Әсел МҰРАТ
«Үш адамның өмірін қиғаным жаныма батып жүр»: Пак сотта соңғы сөзін айтты
233
Фото: ашық дереккөз

Алматыдағы жантүршігерлік жол апаты бойынша сот жарыссөзі өтті, деп хабарлайды Politico.kz.

Прокуратура Zeekr көлігінің жүргізушісіне 10 жыл бас бостандығынан айыру жазасын сұрағаннан кейін қорғаушы тарап жеңілдететін мән-жайларды ескеріп, соттан ең төменгі жаза тағайындауды өтінді.

Қорғаушы тараптың мәлімдеуінше, іс бойынша шешім қоғамдағы резонансқа немесе қайғылы оқиғаға байланысты эмоцияларға емес, тек заң талаптары мен сот отырысында жан-жақты зерттелген дәлелдерге негізделуі тиіс.

Пактиың адвокаты соттан бірқатар жеңілдететін мән-жайларды назарға алуды сұрады.

«Олардың қатарында жол-көлік оқиғасының болғанын толық мойындауы, шынайы өкініш білдіруі, материалдық және моральдық шығынды өз еркімен өтеуі, жәбірленушілердің татуласуға дайын ұстанымы, олардың бас бостандығынан айырумен байланысты емес жаза тағайындау туралы өтініші, айыпталушының отбасы, жұбайы мен үш кәмелетке толмаған баласының болуы, жеке басына қатысты оң мінездемелер, бұрын қылмыстық жауапқа тартылмауы, тұрақты тұрғылықты мекенжайының болуы және бұрын соттылығының болмауы», – деді адвокат.

Қорғаушының айтуынша, жәбірленушілердің өздері де соттан бас бостандығынан айырумен байланысты емес жаза қолдануды сұрап отыр. Сонымен қатар, айыпталушының жұбайы мен үш жас баласының бар екені де ескерілуі тиіс.

Қорғау тарапы бұл мән-жайлардың жиынтығы Қылмыстық кодекстің 55-бабын қолдануға, яғни заңда көзделген ең төменгі шектен төмен жаза тағайындауға немесе неғұрлым жеңіл жаза түрін таңдауға негіз болады деп есептейді.

Адвокаттың пікірінше, жазаның мақсаты айыпталушының апаттан кейінгі іс-әрекеті, шынайы өкініші және зардап шеккендерге келтірілген зиянды өтеу шаралары арқылы ішінара орындалған.

Әл-Фараби даңғылындағы жол апатына қатысты қоғамда үлкен резонанс тудырған іс бойынша сотта айыпталушы соңғы сөзі айтты.

Александр Пак, әдеттегідей, өз сөзін қағаздан оқып берді.

«Мен шын жүректен өкінемін. Үш жас адамның өмірін қиғанымды ойлап, күн сайын жан азабын тартып жүрмін. Ешқашан жауапкершіліктен жалтарған емеспін. Соттан мені ақтауды сұрамаймын. Тек заңға сай, әділ әрі ойға қонымды шешім қабылдауыңызды сұраймын», - деді ол.

Айыпталушының адвокаты Арман Рахманбердиев сот жарыссөзінде қорғау тарапының прокурор сұраған ең жоғары жаза мерзімімен келіспейтінін мәлімдеді.

Ал айыптау тарапы өз ұстанымынан айныған жоқ.

Прокурор Әлібек Күмісбеков өз ұстанымын тағы да қайталады.

«Айыпталушының кінәсі толық дәлелденді. Пактың әрекеті салдарынан үш жас адамның өмірі қиылды. Ол жасаған ісіне сай әділ жазасын алуы тиіс», – деді.

Сот кеңесу бөлмесіне кетті. Үкім бүгін жарияланады.

Еске салайық, бұған дейін мемлекеттік айыптаушы Zeekr автокөлігінің жүргізушісін 10 жыл мерзімге бас бостандығынан айыруды сұраған болатын.

Войдите, чтобы оставить комментарий