"Үш пәтер, бес көлік". Баласының "еміне" ақша жинағандардың масқарасы шықты

29.07.2025 09:33
0
485
видеодан алынған кадр\әлеуметтік желі

Астана қаласы бойынша Қаржы мониторингі агенттігінің департаменті қайырымдылыққа жиналған қаражатты заңсыз мақсатта иемдену дерегі бойынша тергеу амалдарын аяқтады.

Тексеру нәтижесінде белгілі болғандай, ерлі-зайыпты азаматтар ұлдарының еміне қаржы жинау сылтауымен әлеуметтік желілерде кең көлемді жарнама жүргізіп, көпшіліктің жанашырлығын өз пайдасына пайдаланған. Instagram мен Facebook желілері арқылы баланың қатысуымен жасалған бейнероликтер мен әсерлі жазбалар таргеттелген жарнамамен мыңдаған адамның назарын аударып, олардан 1,3 миллиард теңгеден астам қаражат жиналған. Алайда сол соманың небәрі 6,4 миллион теңгесі ғана нақты емделуге жұмсалған.

Қалған қаржы жеке қажеттіліктерге бағытталып, елордада үш пәтер, жер телімі мен бес автокөлік сатып алынғаны анықталды. Сонымен қатар, жинаған ақшаның бір бөлігі құмар ойындарға жұмсалған. Ерлі-зайыпты қайырымдылық аясындағы қаржылық ағынды үзбеу үшін жиналған қаражаттың үштен бірінен астамын – 481 миллион теңгеден жоғары соманы – Meta Ads платформасы арқылы парақшаларын жарнамалауға бөлген. Бұл өз кезегінде аудиторияны кеңейтіп, алым көлемін еселеуге мүмкіндік берген.

Тергеу барысында күдіктілер Түркиядағы LIV Hospital клиникасында 84 миллион теңге тұратын ота жасату қажет деген желеумен қосымша қаражат жинаған. Алайда, жиналған сома жеткілікті болғанына қарамастан, шетелде ешқандай медициналық операция жасалмаған. Оның орнына, Instagram парақшасында ұшу сәтін бейнелейтін видео жарияланып, жалған ақпарат арқылы операцияның сәтті өткенін хабарлаған. Тіпті, тергеу басталған сәтте олар активтерін тәркілеуден сақтау үшін жер телімін үшінші тұлғаның атына рәсімдеуге тырысқан. Алайда бұл мәміленің жалған екені дәлелденді.

Қазіргі уақытта күдіктілердің заңсыз жолмен иемденген барлық мүлігіне сот шешімімен тыйым салынды. Олар үйқамаққа алынған. Қылмыстық іс сотта қаралып жатыр. Айта кету керек, ҚР Конституциясының 77-бабының 3-тармағының 1-тармақшасына және ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабының 1-бөлігіне сәйкес, адамның кінәсі сот үкімі заңды күшіне енгенге дейін дәлелденбесе, ол кінәсіз деп есептеледі.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий