Ұшақ ішіндегі босану: Оралдық дәрігер ана мен баланың өмірін сақтап қалды (ВИДЕО)

20.03.2026 16:38 Арман Ермеков
Ұшақ ішіндегі босану: Оралдық дәрігер ана мен баланың өмірін сақтап қалды (ВИДЕО)
335
Фото: Таубай Байжекеновтің парақашсынан

Ұшақта суы кеткен жүкті әйел мен оның баласын дәрігер аман алып қалды, деп хабарлайды Politico.kz.

Оқиға 18 наурыз күні FlyArystan әуе компаниясының Астанадан Оралға бет алған рейсінде болған. Ұшу кезінде 27 апталық жүкті келіншектің кенеттен суы кетіп, қансырай бастаған. Осы кезекте жолаушылар қатарында болған оралдық хирург Таубай Байжекенов шұғыл түрде алғашқы медициналық көмек көрсетуге кіріседі. Ананың жағдайына байланысты ұшақ жедел түрде Астанаға қайта қонып, келіншек бірден жедел жәрдем қызметкерлеріне табысталды.

Кейін белгілі болғандай әйел аман-есен ұл бала босанған және қазіргі таңда нәресте дәрігерлердің қатаң бақылауында жатыр. Бұл туралы Байжекенов өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазба жариялап, оқиғаның мән-жайын баяндады.

«Кеше Астана–Орал бағытындағы рейсте ерекше жағдайға тап болдым. Ұшу барысында аяғы ауыр келіншектің суы кетіп, шұғыл түрде алғашқы медициналық көмек көрсетуге тура келді.

Дәрігер ретінде мұндай сәттерде сабыр сақтап, бар білім мен тәжірибені дұрыс қолдану өте маңызды.

Нәтижесінде дүниеге ұл бала келді. Алла қаласа, ер жетіп, тәй-тәй басып, өмірде өз жолын табатын азамат болсын. Барлығы сәтті аяқталды. Осындай сәттер мамандығымның қаншалықты жауапты әрі маңызды екенін тағы бір рет еске салады», - деп жазды Таубай Байжекенов.

Оқиғаға қатысты FlyArystan әуе компаниясы дәрігердің жазбасының астына алғысын қалдырып, оның кәсібилігіне шынайы алғысын білдірді.

«FlyArystan әуекомпаниясы Астана – Орал бағытындағы рейсте көрсеткен кәсіби медициналық көмегіңіз үшін Сізге шынайы алғысын білдіреді!Сіздің жылдам әрекетіңіз бен жауапкершілігіңіз жолаушыға қажетті көмекті уақытында көрсетуге мүмкіндік берді. Бұл – мамандығыңызға адалдық пен адамгершіліктің үлгісі», - деп жазды компания.

Қазіргі уақытта ұшақ ішіндегі осы бір әбігер сәт түсірілген бейнежазба әлеуметтік желілерде кеңінен таралып, көптеген оқырманның жылы пікірін жинап жатыр.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Войдите, чтобы оставить комментарий