Ұшқыштар жалақыға байланысты наразылық білдірді

Ұшқыштар жалақыға байланысты наразылық білдірді
12.10.2025 11:40
0
118
Фото: flyqazaq.com

Qazaq Air ұшқыштары жалақы мәселесіне байланысты наразылық білдірді, деп хабарлайды POLITICO.KZ.

Qazaq Air ұшқыштары әуекомпанияның басқарма төрағасы Әділбек Өмірәлиевтің атына жазылған үндеуде жалақы жүйесіне қатысты елеулі наразылықтарын білдірді. Бұл ақпаратты KazTAG редакциясына компанияның қазіргі ұшқышы растаған.

Ұшқыштардың айтуынша, олар соңғы жылдары компания мүддесі үшін бірнеше рет ымыраға келген: жылдық ұшу уақытын 900 сағатқа дейін арттыруға келіскен, жазғы кезеңде жоспарлы демалыстан бас тартқан, демалыс күндері қосымша рейстерді орындап, ауруға байланысты демалысты сирек пайдаланған. Осыған қарамастан, қазіргі жағдай ұжымда елеулі наразылық тудырып отыр.

Наразылықтың себептері:

Жұмыс жүктемесі. Ұшқыштардың айтуынша, 80 сағаттық айлық ұшу уақытында Q400 ұшқыштары шамамен 50 рет ұшып-қонады. Ал Boeing немесе Airbus ұшақтарында бұл көрсеткіш 20-25-ті құрайды. Ұшып-қону – жұмыстың ең жауапты әрі күрделі кезеңі болғандықтан, Q400 ұшқыштарының нақты жүктемесі әлдеқайда жоғары. Бұл олардың тез шаршауына және жұмыс қабілетінің төмендеу қаупіне әкеледі.

Төмен жалақы. Компания ұшқыштарының жалақысы Қазақстандағы басқа әуекомпаниялардағы әріптестеріне қарағанда екі есеге дейін төмен. Көктемде жүргізілген жалақыны көтеру шарасы жалпы табысқа айтарлықтай әсер етпеген. Ұшқыштар еңбегіне нарық жағдайына сәйкес әділ ақы төленуін талап етеді.

Кадр мәселесі. Қазіргі командирлердің едәуір бөлігі зейнет жасына жақындап қалған. Ал жас екінші ұшқыштар төмен жалақыға байланысты тартымды шарттар ұсынатын басқа әуекомпанияларға ауысуда. Тек 2024-2025 жылдар аралығында компаниядан сегіз командир мен сегіз екінші ұшқыш кеткен. Бұл компанияның кадрлық әлеуетін әлсіретіп, ұшу қауіпсіздігіне кері әсер етеді.

Жалақыдағы айырмашылық. Жергілікті және шетелдік командирлердің атқаратын жұмыс көлемі мен жауапкершілігі бірдей болғанымен, еңбекақылары арасында айтарлықтай айырмашылық сақталуда. Бұл ұжымдағы моральдық ахуалға теріс әсер етіп, жергілікті ұшқыштардың ынтасын төмендетеді.

Түнгі рейстерге төленетін ақы. Әлемдегі және Қазақстандағы барлық әуекомпанияларда түнгі рейстер жоғары мөлшерлемемен бөлек төленеді. Алайда компанияда "Түнгі ауысым" жүйесі қолданылады, ол түнгі ұшулардың ерекшелігі мен ауыртпалығын ескермейді.

Ұшқыштардың талаптары:

  • Түнгі рейстерге ақы төлеудің қолданыстағы тәсілдерін қайта қарау;
  • Әуе кемесі командирлерінің жалақысын кемінде 30%-ға арттыру;
  • Екінші ұшқыштардың жалақысын кемінде 50%-ға арттыру;
  • Барлық ұшқыштар үшін ұшу сағатының ақысын 30%-ға көбейту.

Ұшқыштар бұл қадамдар Қазақстандағы коммерциялық ұшқыштардың орташа жалақы деңгейіне жетуге, кадрлардың кетуін тоқтатуға және компанияның тұрақтылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік беретініне сенеді.

Еске сала кетейік, 11 қазанда Қостанайда Qazaq Air ұшағының шассиінен ұшқын шығып, ұшу тоқтатылған болатын. Әуекомпания мұны техникалық ақаумен түсіндірген еді.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий