Үсік, дауыл және өрт қаупі: ТЖМ 10 қазанға арналған дауылды ескерту жариялады

Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі 10 қазанға арналған ауа райына байланысты дауылды ескерту жариялады. Елдің бірнеше өңірінде үсік, қатты жел, тұман және өрт қаупі сақталады, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Алматы облысында түнде солтүстік пен оңтүстікте ауа температурасы минус 3 градусқа дейін төмендеп, үсік жүреді. Сонымен қатар өңірдің солтүстігінде төтенше өрт қаупі бар.
Жетісу облысында 10-11 қазан күндері түнде 1–6 градусқа дейін үсік күтіледі. Талдықорғанда да ауа температурасы минус 4–6 градусқа дейін төмендейді.
Жамбыл облысының таулы аудандарында тұман түсіп, солтүстік-шығыстан соққан желдің жылдамдығы 15–20 м/с-қа дейін жетеді. Түнде батыс пен солтүстік өңірлерде 1–3 градус үсік байқалады.
Түркістан облысында да 10-11 қазан аралығында жел күшейеді – тау асуларында екпіні 15–20 м/с-қа дейін барады. Өңірдің солтүстігі мен оңтүстігінде төтенше өрт қаупі сақталады.
Қызылорда облысының орталығы мен шығысында шаңды дауыл соғып, желдің екпіні 20 м/с-қа дейін күшеюі мүмкін.
Қостанай, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарында да өрт қаупі жоғары. Кей өңірлерде желдің екпіні күшейіп, 15–20 м/с-қа дейін жетеді.
Маңғыстау облысының орталығы мен оңтүстігінде шаңды дауыл болады. Ақтауда желдің жылдамдығы түнде 15–18 м/с-қа дейін күтіледі.
Атырау облысында найзағай ойнап, шаңды дауыл соғады. Желдің бағыты шығыстан және оңтүстік-шығыстан болады, күші 15–20 м/с-қа дейін жетеді.
Қарағанды облысында түнде және таңертең тұман түссе, Ұлытау мен Абай облыстарында жоғары және төтенше өрт қаупі сақталады.
Төтенше жағдайлар министрлігі азаматтарды ауа райы болжамына мұқият болып, дала мен орман маңында ашық от жақпауға шақырады.
Соңғы жаңалықтар




