Ұстазын шанамен шығарып салған шәкірттер көпшіліктің жүрегін елжіретті

20.01.2026 11:17 Айсұлу Мұрат Айсұлу Мұрат
Ұстазын шанамен шығарып салған шәкірттер көпшіліктің жүрегін елжіретті
0
49
Фото: видеодан скриншот

Бір сыныпта оқитын бастауыш сынып оқушыларының өз ұстазына көрсеткен шынайы ілтипаты әлеуметтік желіде кеңінен таралып, жұртты ерекше әсерге бөледі, деп хабарлайды Politico.kz

Атырау облысы, Құрманғазы ауданына қарасты Ақкөл ауылындағы Ақкөл жалпы орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Бибінұр Жақсылықова Instagram парақшасында жүрек жылытатын бейнежазбамен бөліскен. Видеода шәкірттері мұғалімді өз бастамаларымен шанамен үйіне дейін жеткізбек болған сәті көрсетілген.

Ұстаз балалардан мұны істеу ұят емес пе деп сұрағанда, олар еш ойланбастан «жоқ» деп жауап береді. Осы бір шынайы әрі бала көңілінен туған әрекет көпшіліктің көңілін босатты.

Белгілі болғандай, ұстазын шанамен шығарып салған оқушылар — Абдрахим, Медет, Нұрислам және Сәбит. Олар Ақкөл жалпы орта мектебінің 3-сынып оқушылары.

Шәкірттерінің бұл қылығына риза болған Бибінұр Жақсылықова жазба астына жүрекжарды лебізін қалдырған:

«Қай жақсылығым үшін берілген оқушыларым екенсіңдер?! Жандарым сол, менің ең сүйікті де, ақылды шәкірттерім», — деп жазды ол.

Айта кетейік, Бибінұр Жақсылықова білім саласында 12 жылдан бері үздіксіз еңбек етіп келеді. Ұстаз бен шәкірт арасындағы осындай таза, мейірімге толы қарым-қатынас желі қолданушыларының жүрегін елжіретіп, көпшілікті балалық шағына ойша жетеледі.

Оқырмандар да әсерін жасыра алмай, жылы пікірлерін қалдырды:

«Қандай керемет! Балалар да мәз, апайы да мәз»«Апайы жақсы адам болған соң, балалар да бауыр басқан ғой»«Ұстазының шаршағанын сезген екен, болашақтары жарқын болсын»«Саналы ұрпақ тәрбиелеп жүргеніңізге мың алғыс», — деп жазды олар.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий