«YouTube-тағы видеолардан курс жасап сатқан»: Жанабыловтарға қатысты тергеу аяқталды
Қаржылық мониторинг агенттігінің Астана қаласы бойынша департаменті блогерлер Ерболат Жанабылов пен Эльмира Толегеноваға қатысты сотқа дейінгі тергеуді аяқтады , деп хабарлайды Politico.kz.
Олар заңсыз кәсіпкерлік қызметпен айналысу және қылмыстық жолмен алынған ақша қаражатын заңдастыру фактілері бойынша айыпталып отыр.
Instagram-да 15 млн жазылушысы бар Блогерлер Ерболат Жанабылов пен Эльмира Толегенова өз оқырмандарының сенімін заңсыз табыс табу мақсатында пайдаланған.
Олар 2025 жылы онлайн-курстарды сату деген желеумен заңсыз схема ұйымдастырған. Аталған «курстарды» сатып алудың негізгі себебі – қымбат сыйлықтар ұтысына қатысу болған.
Бұл «курстардағы» бейнематериалдар ашық дереккөздерден, соның ішінде YouTube платформасынан алынған. Блогерлер осылайша онлайн-курстарды заңсыз лотерея қызметін формалды түрде жасыру үшін ғана пайдаланылған.
Жүлде қоры жария түрде мәлімделгендей жеке қаражаты есебінен емес, онлайн-курстарға ақы төлеу түрінде қатысушылардан түскен ақша қаражаты есебінен қалыптастырылған.
Олар электронды «сәттілік барабанының» параметрлерін өзгерткен: 5 000 теңгелік жүлдені ұтып алу ықтималдығы жасанды түрде арттырылып, ал құнды жүлделерді ұтып алу мүмкіндігі едәуір төмендетілген.
Күдіктілер жария түрде ең көп репост жасаған қатысушыға 11-нші автокөлікті табысталғаны туралы мәлімдеп, акцияның қамту аясын кеңейту мен назар аудару мақсатын көздеген. Алайда іс жүзінде жеңімпаз анықталмаған және сыйлық табысталмаған.
Азаматтардан 247,5 млн теңге түскен, оның 60 млн теңгесі депозиттік шоттарға орналастырылған.
Блогерлердің 17 iPhone ұялы телефонына және Lamborghini Urus пен Lexus LX 600 автокөліктерін қоса алғанда, 10 автокөлікке тыйым салынды. Күдіктілер үйқамақта.Қазіргі уақытта күдіктілер қылмыстық іс материалдарымен танысуға кірісті.
Соңғы жаңалықтар