Ыстықкөлде 17 жастағы қызды зорлап, өлтіріп кеткен: денесі шатқалдан табылды

Ыстықкөл облысының Жети-Өгүз ауданында 27 қыркүйекте жоғалып кеткен 17 жастағы А.М. есімді қыздың мәйіті Боом шатқалынан табылды. Бұл туралы марқұмның ағасы Kaktus.media басылымына хабарлаған.
Оның айтуынша, қарындасы түскі уақытта Барскоон ауылындағы үйінен шығып, Женіш ауылындағы құрбысына кеткен. Сол күннен кейін қызды ешкім көрмеген. Сол күні кешке туыстары дабыл қағып, іздеуді бастаған.
Іздеу барысында ауылдағы бейнебақылау жазбалары тексеріліп, жол бойында бөтен "Honda Stream" маркалы көлік байқалған. Болжам бойынша, қызды дәл осы көлікпен алып кеткен.
Марқұмның ағасының айтуынша, туыстары құқық қорғау органдарына жүгінген. Кеше кешке милиция күдіктіні ұстағанын және оның қылмысын мойындағанын хабарлаған.
"Ол қарындасымды әуелі зорлап, кейін өлтіргенін мойындады. Алдымен мәйітті Ыстықкөлдің жағасына көміп, телефонын Бішкекте сатып жіберген. Кейін қайта оралып, денені қазып алып, Боом шатқалына апарып тастаған", – дейді ағасы.
Марқұмның туысы қылмыстың бір ғана адамның қолынан келмегеніне сенімді.
"Біз милиция қылмыскерді жауапкершіліктен құтқарып жібере ме деп қорқамыз. Ұсталған азамат бұрын да сексуалдық зорлық ісі бойынша күдікке іліккен, бірақ жазадан құтылып кеткен екен. Қайталануы мүмкін деп алаңдаймыз", – деді ол.
Күдікті – 1984 жылы туған А.К.К. Ескерте кетсек, ол бұған дейін тонау және кісі өлтіруге оқталу баптары бойынша да жауапқа тартылған.
Соңғы жаңалықтар





