Зағип жүргізуші көлікпен 240 шақырым жол жүргені үшін сотталды

23.09.2026 17:55 Томирис САҒЫНДЫҚ
Зағип жүргізуші көлікпен 240 шақырым жол жүргені үшін сотталды
159
Фото: Julia Bryson/BBC

Ұлыбританияда көзі көрмейтін әрі жүргізуші куәлігі жоқ 50 жастағы Энтони Холл азаматтық жұбайының көлігін рұқсатсыз айдап кетіп, түнде мас күйінде 240 шақырым қашықтықты жүріп өткен. Сот үкімімен ол шартты түрде бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы bbc.com басылымы жазды.

Оқиға 29 маусымға қараған түні болды. Полиция өкілдері M6 автомагистралінде мас әрі зағип жүргізушінің бара жатқаны туралы хабарлама алған. Түнгі сағат 01:45-те Карлайл қаласының маңында тәртіп сақшылары «Vauxhall Meriva» маркалы көліктің жолақтар арасында ыршып, жол шетіне шығып бара жатқанын байқап, оны тоқтатқан.

Тексеру кезінде полиция қызметкері Холлдан алкогольдің иісі шығып тұрғанын байқаған. Жүргізуші екі жыл бұрын жанарынан айырылғанын, бірақ жарықты аз-кем ажырата алатынын түсіндірді. Ол магистральде алдында бара жатқан жүк көлігінің артқы шамдарына бағдар алып жүргенін айтты. Алкотестер тексерісі оның тынысындағы алкоголь мөлшері Англияда рұқсат етілген шектен асып кеткенін көрсетті.

Сондай-ақ Холл сапарға шығар алдында жұбайы екеуі төрт бөтелке шарап ішкенін және бұл әрекетке жеке өміріндегі әрі қаржылық жағдайындағы тығырықтан қашу үшін барғанын мойындады. Ол Шотландияға жетпек болған. Жолда белгісіз май құю бекетіне тоқтап, бензинді бекет қызметкеріне құйдырып алған. Оқиға салдарынан ешкім зардап шеккен жоқ.

Қорғаушы Адель Грэм клиентінің бұрын сотталмағанын және сол түні психологиялық күйзеліске түсіп, қате шешім қабылдағанын алға тартты. Сот төрайымы Трейси Макэрлейн-Бернс айыпталушының бұрын заң бұзбағанын және отбасылық ауыр жағдайын ескеріп, оны 18 айлық сынақ мерзімімен 36 аптаға шартты түрде бас бостандығынан айыру туралы шешім шығарды. Бұдан бөлек, Энтони Холл 90 күн бойы ішімдіктен бас тартуға, оңалту бағдарламасынан өтуге, 12 ай бойы көлік жүргізу құқығынан айырылуға және 272 фунт стерлинг мөлшерінде сот шығынын төлеуге міндеттелді.

Войдите, чтобы оставить комментарий