Зеленский: Украина Крымның оккупациясын заңды түрде ешқашан мойындамайды

Зеленский: Украина Крымның оккупациясын заңды түрде ешқашан мойындамайды
23.04.2025 12:14
0
761
Бейнеден кадр
Зеленский АҚШ пен Ресей диалогына Украина қатысуы тиіс екенін айтты

Украина Қырымның Ресей тарапынан оккупациялануын ешқашан заңды түрде мойындамайды, деп хабарлайды POLITICO.KZ.

Бұл туралы Украина президенті Владимир Зеленский 22 сәуір күні журналистермен кездесу барысында мәлімдеді.

«Украина Қырымның оккупациялануын ешқашан заң жүзінде мойындамайды. Бұл – біздің жеріміз, украин халқының территориясы. Бұл мәселе талқыланбайды, себебі ол біздің Конституциямызға қайшы келеді», – деді Зеленский.

Оның айтуынша, Қырым және Ресей уақытша оккупациялап алған басқа да аумақтар туралы келіссөздер соғысты ұзартуға ғана әкеледі.

«Біз Қырым туралы, басқа да егемен территорияларымыз туралы айта бастағанда, соғысты созу форматына кіреміз, Ресей дәл осыны көздейді. Біз қазір 12-ші жыл соғысып жатырмыз. Бұл Ресеймен территория бойынша келісімге келудің мүмкін еместігінің дәлелі», – деді Украина басшысы.

Президент сонымен қатар Ресеймен жылдам келісімге келудің мүмкін емес екенін, мұнда халықаралық қауымдастық, әсіресе АҚШ тарапынан күшті қысым қажет екенін атап өтті.

«Жалпы әлемдік қысым, бірінші кезекте Америка тарапынан керек. Біз президент Трамптың сөзсіз атысты тоқтату туралы бастамасын қолдадық. Бірақ "бәрі туралы бір күнде келісіп аламыз" деген талпыныс нәтиже бермейді», – деді ол.

Зеленский Украина НАТО-ға кіруден нақты қауіпсіздік кепілдіктерінсіз бас тартпайтынын да айтты.

«Біз конструктивті болғымыз келсе, орнына не аламыз? Қандай қауіпсіздік кепілдіктері беріледі? Егер Америка: "Міне, сіздерге қауіпсіздік кепілдіктері" деп айтса, бұл – диалог. Ал Ресей бізге бұл үшін не береді? Біз НАТО-дан бас тартсақ, Ресей неден бас тартады?» – деді Зеленский.

Украина басшысы АҚШ пен Ресей Украинаның НАТО-ға мүшелігі туралы келіссөз жүргізіп жатқанын, алайда шешім міндетті түрде Украинаның қатысуымен қабылдануы керектігін мәлімдеді. Сонымен қатар ол Запорожье атом электр станциясына қатысты кез келген келісімге Украина жағының қатысуы міндетті екенін атап өтті.

«Станция украин мамандарсыз жұмыс істей алмайды, кез келген халықаралық басқару тек украин мамандарының қатысуымен ғана мүмкін. Мұнда адамдардың өмірі, олардың балалары, инфрақұрылымы секілді көптеген мәселелер бар. Біз қандай келісімге қол қоя аламыз немесе жоқ, нені қабылдай аламыз немесе алмаймыз деген сұрақтар бар», – деді Зеленский.

Президент Запорожье АЭС-інің бейтарап мәртебесі туралы ресми ұсыныс келмегенін айтты. Дегенмен ол Украина критикалық инфрақұрылым нысандарын қалпына келтіру үшін АҚШ-пен тең құқылы серіктестікке ашық екенін атап өтті.

«Бізде қазір "Мотор Сич" бар, бүгін оған ракета түсті. Егер АҚШ құны 1,5 млрд доллар тұратын Patriot жүйесін берсе, олар серіктес болады. Бұл станцияға да қатысты», – деді Зеленский.

Еске салсақ, бұған дейін Bloomberg басылымы АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Францияға сапары кезінде Ресей мен Украина арасындағы бейбіт келісім шарттарын еуропалық одақтастарға ұсынғанын хабарлаған еді. Ұсыныс майдан шебін қатыру, Ресейдің басып алған аумақтарына бақылауын мойындау және Украинаның НАТО-ға мүшелігіне талпынысын қарастырмау секілді шарттарды қамтиды.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий