​Зейнетақы қаржысын 100% жеке басқаруға беру: Қазақстанда жаңа ереже күшіне енді

07.09.2026 14:14 Мөлдір ҚАЙНАР
​Зейнетақы қаржысын 100% жеке басқаруға беру: Қазақстанда жаңа ереже күшіне енді
98
Фото: enpf.kz

7 қыркүйектен бастап қазақстандықтар міндетті зейнетақы жарнасынан жиналған ақшасын толығымен жеке компаниялардың басқаруына бере алады, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұған дейін салымшыларға жинақтың тек жартысын ғана аударуға рұқсат етілген еді. Енді азаматтар БЖЗҚ мен жеке компаниялардың табыстылығын салыстыра отырып, қаржысын өзі таңдаған ұйымға сеніп тапсыруға мүмкіндік алды. Қазіргі уақытта нарықта Alatau City Invest, BCC Invest, Halyk Global Markets, Halyk Finance, Сентрас Секьюритиз және Tansar Capital сынды 6 компания жұмыс істеп тұр. Дегенмен олардың қатарынан 2027 жылдан бастап Halyk Global Markets компаниясы шығады, сәйкесінше жаңа өтініштер қабылданбайды.

Сонымен қатар 2027 жылдан бастап зейнетке шыққан азаматтарға инфляция айырмасын өтеу үшін берілетін біржолғы төлем тоқтатылады. Қазіргі таңда қолданыстағы мемлекеттік кепілдік тек биылғы жылдың соңына дейін ғана сақталады.

Бұдан бөлек, Ұлттық банк зейнетақы активтерінің бір бөлігін конкурстық негізде кәсіби жергілікті компанияларға басқаруға беруді жоспарлап отыр.

"Біз негізгі басқарушы ретінде портфельдерді бөлеміз. Қаржылық мүмкіндігі жеткілікті, кәсіби жергілікті басқарушы командаларды шақырамыз. Олар конкурс барысында өз стратегиялары мен мүмкіндіктерін көрсетіп, активтердің белгілі бір бөлігін басқаруға алады", – деді Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов.

Ережеге сәйкес, жеке компаниялардың жұмысы ай сайын бағаланып, табысы төмендеген ұйымдардың активтері өзге басқарушыларға беріледі.

Войдите, чтобы оставить комментарий