Жамбыл облысында ұлынан айырылған ана Президенттен көмек сұрады

Жамбыл облысы Шу ауданында жоғары сынып оқушыларынан соққы көріп көз жұмған жасөспірімнің анасы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жолдады, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Анасы ұлының өліміне кінәлілердің бәрі жазаланбай жатқанын айтып, әділдік сұрайды.
Марқұмның анасының айтуынша, бұл жай ғана төбелес емес, жоғары сынып оқушыларының балаларды үнемі қорқытып, ақша мен тамақ бопсалауының салдары. Ол ұлын бес адам ұрып-соққанын, оның үшеуі қамауда болса, екеуі ешнәрсе болмағандай мектепке барып жүргенін айтады. Сондай-ақ, қайғылы оқиға марқұмның інісінің көз алдында болған.
«Құрметті президент мырза, бар үмітім сізде, өтінем бізге көмек беріңіз», – дейді ашынған ана.
Еске салсақ, қайғылы оқиға 12 қыркүйекте Көкқайнар ауылында болған. Полицияның ресми мәліметі бойынша, 10 және 11-сынып оқушылары арасындағы футболдан кейін жанжал туындаған. Соққыдан 10-сынып оқушысы есін жоғалтып, кейін үйінде көз жұмған.
Осы оқиғаға байланысты полиция ҚР ҚК 106-бабы 3-бөлігі («Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiру») бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады. Бұған дейін 16 және 17 жастағы екі күдікті анықталып, уақытша ұстау изоляторына қамалғаны хабарланған болатын. Тергеу жалғасып жатыр.
Соңғы жаңалықтар





