“Жаңа адамдар” Астанадағы заңсыз қоқыс үйіндісін жойды

“Жаңа адамдар” Астанадағы заңсыз қоқыс үйіндісін жоюға атсалысты, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Бұл туралы қозғалыс белсенділері әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады. 2025 жылдың сәуір айында “Жаңа адамдар” қозғалысының белсенділері Астанадағы Ұлы Дала даңғылы бойында орналасқан “Айва” тұрғын үй кешенінің жанында құрылыс және тұрмыстық қалдықтары заңсыз төгілген қоқыс алаңын анықтады. Ұйымның мәліметінше, көп уақыт бойы ондаған тонна қоқысты белгісіз тұлғалар әкеліп төгіп отырған. Ал жұмысшылар қоқысты жай ғана топырақпен араластырып көмген. Олар бұл жағдайдың соңы не болатынын аңғармады.
Жаңа адамдар белсенділері жүргізген тергеу жұмыстары БАҚ пен әлеуметтік желілерде кең резонанс тудырды. Алайда белсенділер мұнымен шектелмей, жағдайға араласу ұсынысымен әкімдікке жүгінді.
23 сәуірде «AntiTrash Aстана» азаматтық науқаны Есіл ауданы әкімінің орынбасары Мадияр Жұмабайұлымен бірлесіп оқиға орнына барды. Әкімдік өкілдерімен бірге тазалау жұмыстары ұйымдастырылып, аумақ пен көлді кең көлемде тазарту басталды. Алғашқы кезеңде шамамен 70 000 шаршы метр жер тазартылды. КАМАЗ көліктері күн сайын ондаған қап қоқысты алып кетіп жатыр. Бұл алғашқы нақты өзгерістер екенін айта аламыз.
“Шынын айтқанда, мұндай қоқыс алаңдары өте көп. Тек Астанада ғана емес. Олар жайдан-жай пайда болған жоқ. Көптеген ел тұрғындары үшін Қазақстан — жеке жауапкершілік аймағы емес. Сол үшін осындай қоқыс алаңдары көбейді. Егер бәріміз өзгермесек, елімізге өз үйіміздей қарамасақ, ештеңе өзгермейді. Әділетті Қазақстанда өмір сүргіміз келе ме? Ол өздігінен пайда болмайды. Ел тек біз өзгергенде ғана өзгереді”, - деді белсенді Аманов Бауыржан.
Бұл — тек басы ғана. Белсенділер әр екі апта сайын сол жерге қайта оралып, үдерісті бақылап отырады.
Соңғы жаңалықтар





