Жаңа адамдар ҚазҰАЗУ әкімшілігін университет корпустарын сатуды тоқтатуға шақырды
Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті (ҚазҰАЗУ) — мыңдаған студенті бар, елдегі ең көне әрі жетекші жоғары оқу орындарының бірі. Алайда соңғы уақытта оқу орнының ғимараттарының коммерциялық нысандарға айналуы қоғамда алаңдаушылық тудырып отыр, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Белсенділердің айтуынша, агрономия факультетінің жатақханасы лаунж-барға, зооинженерия корпусы караоке-клубқа, ал ветеринария факультетінің зертханалары кеңселерге берілген.
3 тамыз күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы әкімі Дархан Сатыбалдымен кездесіп, қаланың жоғарғы бөлігінде көпқабатты тұрғын үй кешендері мен нүктелік құрылысқа мораторий енгізуді тапсырған болатын. Соған қарамастан, университет әкімшілігі RAMS компаниясына оқу орны аумағында тұрғын үй кешенін салуға рұқсат бергені белгілі болды.
Жаңа адамдар қозғалысы жағдайды бейнелеу үшін ҚазҰАЗУ-дың бас ғимараты алдына «Аграркаполия» атты алып үстел ойынын орнатты. Бұл арт-нысан арқылы белсенділер университеттің стратегиялық дамуы емес, «Монополия» ойынына ұқсас жылдам табысқа бағытталған сауда алаңына айналғанын көрсеткісі келді.
Студенттер мен қала тұрғындары ойынға қатысып, оқу орнының аумағының коммерциялық мәмілелерге беріліп жатқанына қатысты пікірлерін ашық білдірді.
БАҚ дерегінше, ҚазҰАЗУ ректоры Ахылбек Кажигулович үш жылдық қызметінде студенттерге оқу корпустарын қайтару мерзімдерін нақты айтпаған. Белсенділер ректормен кездесіп, оған халықтық антижүлде — «Халық Қаһарын» табыстауға тырысқан. Бірақ ректор жұмыс орнында болмай шыққан. Дегенмен, белсенділер сыйлықты оның кабинетінде қалдырған.
Сарсенов Алихан, Жаңа адамдар қозғалысының өкілі:
«Оқу нысандарының жосықсыз сатылуы — пайданы сапалы білімнен жоғары қоюдың салдары. Жеке компаниялар мен құрылысшылар — жай ғана жалға алушы емес, бұл келісімге саналы түрде қатысып отырған нақты адамдар. Мұндай ғимараттарды сатып алатын әрбір адам күмәнді схеманың бөлігі екенін біледі. Біз бұл үшін жауапкершіліктің құрылысшылар мен компания басшыларына да жүктелетінін ескертеміз. Ахылбек, біз сізден жауап күтеміз және жағдайдың дамуын қадағалаймыз».
Соңғы жаңалықтар





