Жаңа бағалар: Паспорт пен жүргізуші куәлігі енді қанша тұрады?
2026 жылдан бастап жеке құжаттарды рәсімдеу құны айтарлықтай өседі, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2026–2028 жылдарға арналған республикалық бюджетке қол қойып, елдегі ең негізгі есептік көрсеткіш – АЕК-тің жаңа мөлшерін бекітті.
2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап 1 АЕК 4 325 теңге болады. Биылғы көрсеткіш 3 932 теңге болғанын ескерсек, өсім мемлекеттік баж салығының барлық түріне әсер етеді. Сондықтан төлқұжат, жеке куәлік немесе жүргізуші куәлігін ауыстыруды жоспарлап жүрген азаматтарға жаңа бағаларды алдын ала біліп қойған артық болмайды.
Жаңа жылдан бастап мемлекеттік қызметтер құны төмендегідей өзгереді: 16 жасқа дейінгі балаларға арналған 24 беттік паспорт 17 300 теңге болады, ал стандартты 36 беттік паспорт 34 600 теңгені құрайды. Жиі сапарлайтындар пайдаланатын 48 беттік төлқұжат құны 51 900 теңгеге жетеді. Жеке куәлікті рәсімдеу бағасы 865 теңге болып бекітіледі. Бір жыл ішінде жеке куәлікті бірнеше рет жоғалтқан жағдайда айыппұл ретінде 1 АЕК – 4 325 теңге төлеу міндеттеледі. Жүргізуші куәлігін алу немесе ауыстыру да қымбаттап, 5 406 теңге болады.
Отбасылық жағдайға қатысты құжаттар бағасы да өзгереді. Неке қию куәлігін рәсімдеу 4 325 теңгеге түссе, ажырасу құны екі есе жоғары – 8 650 теңге болады. Туу туралы куәлік бұрынғыша тегін берілгенімен, оны жоғалтқан жағдайда қайта жасату үшін 2 163 теңге төлеу қажет.
Сонымен бірге, заң бойынша кейбір азаматтар мемлекеттік баж төлеуден босатылады. Жеңілдік Кеңес Одағының Батырлары мен «Халық қаһарманы» атағы бар тұлғаларға, «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иегерлеріне, Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен соларға теңестірілгендерге, мүгедектігі бар азаматтар мен мүгедек бала бағып отырған ата-аналарға, балалар үйі тәрбиеленушілеріне, қарттар үйінде тұратындарға және Чернобыль апатынан зардап шеккендерге қолданылады.
Соңғы жаңалықтар