Жаңа іс бастаймын деушілерге мемлекет 1,5 миллион теңге қайтарымсыз грант бермек

Жаңа бизнес бастаушыларға 20 қазаннан бастап 1,5 миллион теңге қайтарымсыз грант беріледі, деп хабарлайды POLITICO.KZ сайты.
20 қазаннан бастап Business.enbek.kz порталында жаңа бизнес-идеяларды жүзеге асыруға арналған гранттарға өтінім қабылдау басталады. Үнемделген қаражат есебінен елдің 9 өңірінде 270 грант беру жоспарланып отыр.
Бұл өңірлердің қатарында Абай, Ұлытау, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қызылорда, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан облыстары және Шымкент қаласы бар.
Грант мөлшері 400 АЕК, яғни 1 572 800 теңгені құрайды. Қаражат қайтарымсыз негізде, жаңа бизнесті іске қосу және дамыту мақсатында тек бір рет беріледі.
Өтінім қалай беріледі?
Өтінім беру үшін порталға тіркеліп, грант алу шарттарына сәйкестігін тексеруден өту қажет. Одан кейін бизнес-жоспар үлгісін жүктеп, толтырып, порталға қайта енгізу керек. Өтініш нысаны толтырылып, ЭЦҚ кілтімен қол қойылады. Интернетке немесе компьютерге қолжетімділік болмаған жағдайда, өтінімді мансап орталықтарының немесе халыққа қызмет көрсету орталықтарының өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтарында беруге болады.
Грантқа кімдер үміткер бола алады?
Грант алуға тіркелген жұмыссыздар мен жеке кәсіпкер ретінде тіркелгеніне үш жыл толмаған азаматтар үміткер бола алады. Сонымен қатар үміткер келесі әлеуметтік санаттардың біріне жатуы тиіс:
- мүгедектігі бар адамдар;
- қолданыстағы «кандас» мәртебесі бар адамдар;
- өңіраралық қоныс аударушылар
- аз қамтылған отбасы мүшелері;
- көпбалалы отбасы мүшесі (жұбайы / зайыбы);
- мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған адам (жұбайы / зайыбы);
- асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы алушылар.
Сондай-ақ үміткердің "Бастау Бизнес" жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқығаны туралы үш жылдан аспаған сертификаты болуы шарт.
Грант қаражатын не нәрсеге жұмсауға болады?
Қаражатты қажетті құрал-саймандар, технологиялық жабдықтар, мал, құс, көшеттер сатып алуға және нысанның жалдау ақысын төлеуге жұмсауға рұқсат етіледі. Алайда, оны тұтынушылық мақсаттарға, несиені өтеуге, тұрғын үй немесе жер учаскесін сатып алуға және акцизделетін өнім өндіруге жұмсауға тыйым салынады.
Грант беру туралы шешімді аудандық немесе қалалық комиссия қабылдайды. Үміткерлер өз бизнес-жобаларын комиссия отырысында таныстырады. Комиссия мүшелері бизнес-идеяның бәсекеге қабілеттілігін, қаржылық тұрақтылығын және жаңа жұмыс орындарын құру әлеуетін бағалайды. Шешім үміткердің порталдағы жеке кабинетіне жіберіледі.
Соңғы жаңалықтар





