Жаңа Конституция бойынша референдум: Ерлан Карин мен Олжас Бектенов өз таңдауын жасады
15 наурыз күні Қазақстанда жаңа Конституцияны қабылдау мәселесі бойынша жалпыұлттық референдум басталды, деп хабарлайды Politico.kz.
Ел бойынша дауыс беру учаскелері жергілікті уақыт бойынша таңғы сағат 07:00-де ашылды.Референдум бюллетенінде бір ғана сұрақ берілген: азаматтардан 2026 жылғы 12 ақпанда бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы жобасын қабылдайсыз ба деген сауал қойылған. Бұл референдумды өткізу туралы жарлыққа Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 11 ақпанда қол қойған.
Мемлекеттік кеңесші Ерлан Карин де референдумда дауыс беріп, бұл саяси науқан елдің болашағын айқындайтын маңызды шешім екенін айтты. Оның сөзінше, бүгінгі референдум конституциялық реформаны талқылауға арналған алты айдан астам қоғамдық пікірталастың қорытындысы болып отыр.
«189 күн бойы бұл мәселеге мыңдаған азамат, сарапшылар мен қоғам белсенділері қатысты. Қоғамда жоғары белсенділік пен кең талқылау болды. Бұл референдум Қазақстанның болашағын айқындайды. Бүгін азаматтар қандай қоғам құратынымызды және ел қандай құндылықтар мен қағидаттар негізінде дамитынын шешеді», – деді ол.
Сонымен қатар бұл соңғы төрт жылдағы үшінші референдум екені атап өтілді. Маңызды мемлекеттік шешімдерді бүкіл халықтың қатысуымен қабылдау қағидаты Қазақстанның саяси өмірінде тұрақты тәжірибеге айналып келе жатқаны айтылды.
Референдумда дауыс бергендердің қатарында Премьер-министр Олжас Бектенов те бар. Үкімет басшысы Астанадағы №130 сайлау учаскесінде, Дінмұхамед Қонаев атындағы №66 мектеп-лицейінде өз таңдауын жасады.
Ел бойынша дауыс беру күні бойы жалғасады, ал оның қорытындылары кейінірек жарияланады.
Соңғы жаңалықтар