Жаңа оқу жылында мектепке боянып келетін оқушылар жазаланбақ

27.08.2026 14:34 Мөлдір ҚАЙНАР
Жаңа оқу жылында мектепке боянып келетін оқушылар жазаланбақ
54
Фото: Liter.kz

Жаңа оқу жылында Қазақстан мектептерінде оқушылардың сырт келбетіне, атап айтқанда боянуы мен шаш үлгісіне қойылатын талаптар қатаңдатылады, деп хабарлайды Politico.kz 31-арнаның «Информбюро» бағдарламасына сілтеме жасап.

Ережені елемей, тырнақ өсіріп, кірпік жабыстырған және шаш бояған оқушыларға бастапқыда тек бір рет ескерту беріледі. Талап орындалмаған жағдайда ата-анасы шақырылып, түсіндіру жұмыстары жүргізіледі, ал соңында оқушының тәртібі арнайы комиссияда қаралып, есепке қойылуы мүмкін.

«Тырнақ бояуға рұқсат етілмейді, артық жылтырақ, алтын немесе түрлі әшекейлер тағуға болмайды. Оқушылар мектеп бекіткен форманы киіп, белгіленген талаптарды сақтауы керек. Егер талаптар орындалмаса, ата-анасы шақырылып, ескерту беріледі. Ол да нәтиже бермесе, білім беру ұйымы тарапынан тиісті шаралар қабылданады», – деді Ақтау қалалық білім бөлімі басшысының орынбасары Римма Шабикова.

Аталған шектеулер тек қыздарға ғана емес, ұлдарға да қатысты. Ұзын шаш қойып, сырға тағатын немесе форма кимейтін ұл балаларға да тәртіптік шаралар қолданылмақ. Ата-аналардың көпшілігі бұл шектеуді қолдап, мектептің сән көрсететін емес, білім ордасы болуы керектігін айтуда.

Мектеп формасына қойылатын ортақ талап бойынша киім классикалық әрі ұстамды үлгіде болуы шарт. Ал белдемшенің нақты ұзындығы мен сырт келбетке қатысты өзге де ережелер әр мектептің ішкі тәртібімен бекітіледі.

Войдите, чтобы оставить комментарий