Жаңадан сайланған әкім ауыр пышақ жарақатын алды

Жаңадан сайланған әкім ауыр пышақ жарақатын алды
08.10.2025 09:27
0
183
ашық дереккөзден

Германияның Солтүстік Рейн-Вестфалия федералдық жеріндегі Хердекке қаласының жаңа сайланған мэрі, 57 жастағы Ирис Штальцер (Германияның Социал-демократиялық партиясы – СДПГ) ауыр пышақ жарақатын алды. Қазіргі уақытта оның жағдайы өте ауыр деп бағалануда.

Тергеу деректеріне сүйенсек, оқиға отбасылық себептерге байланысты болуы мүмкін. Полиция мен прокуратураның бірлескен мәлімдемесінде шабуылдың саяси астары бар деген дәлел әзірге анықталмағаны айтылған.

«57 жастағы әйелдің жағдайы әлі де ауыр. Тергеудің қазіргі нәтижелері бойынша, қылмыс саяси себеппен жасалды деген дәлел жоқ. Оқиға отбасылық жанжал аясында орын алған болуы ықтимал», – делінген Хаген қаласының прокуратурасы мен полициясының хабарламасында.

DPA агенттігінің мәліметінше, шабуыл болған күні Штальцердің 15 және 17 жастағы асырап алған екі баласы түскі уақытта жедел жәрдем қызметіне хабарласқан. Оларды полиция сұрақ алу мен сот-медициналық сараптамаға жеткізген. Сондай-ақ биылғы жазда отбасы ішінде тұрмыстық жанжал тіркелгені белгілі болды.

Қазір құқық қорғау органдары дәлелдер жинап, оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр. Кәмелетке толмаған балалар әлі де полиция бақылауында.

Германиялық WDR телеарнасының хабарлауынша, Штальцерге 7 қазан күні шабуыл жасалған. Әйел адамды пәтерінен ұлы тауып алған. Ол есін жимай тұрып, «маған көшеде бірнеше ер адам шабуыл жасады» деп айтқан. Полиция күдіктілерді іздестіруде және арнайы операция жүргізіп жатыр.

Ирис Штальцер 28 қыркүйекте өткен муниципалдық сайлаудың екінші турында Хердекке қаласының мэрі болып сайланған еді. Шабуыл оның сайлаудағы жеңісінен небары он күн өткен соң орын алған.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий