Жаңаөзен әкімінің экс орынбасары тергеуге ілікті

11.09.2026 14:41 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Жаңаөзен әкімінің экс орынбасары тергеуге ілікті
153
Опер бейнеден кадр

Жаңаөзен қалалық көпбейінді ауруханасына демеушілік ретінде бөлінген қаражаттың жымқырылуына қатысты тергеу басталды. Іс бойынша Жаңаөзен қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары да тергеліп жатыр, деп хабарлайды Politico.kz.

Қаржылық мониторинг агенттігінің (ҚМА) мәліметінше, тергеуді агенттіктің Маңғыстау облысы бойынша департаменті жүргізіп жатыр.

2025 жылы Маңғыстау облысының Денсаулық сақтау басқармасы «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-ға Жаңаөзенде күйік бөлімшесін ашуға демеушілік көмек көрсету туралы өтініш жасаған.

Жобаны іске асыруға 223 млн теңге бөлінген. Қаражатты «ӨзенМұнайГаз» АҚ «Жарылқау» қоғамдық қорына аударған.

Бастапқы жоспар бойынша медициналық жабдықтың 8 түрін сатып алу және мамандарды оқыту көзделген.

Алайда кейін жоба шарттары өзгертілген. Күйік бөлімшесін толық жабдықтаудың орнына «Жарылқау» қоғамдық қоры, қалалық аурухана және «AKBS Invest» ЖШС арасында үшжақты шарт жасалған.

Шарт бойынша күйікке шалдыққан науқастарға арналған небәрі 2 арнайы кереует сатып алу көзделген. Олардың жалпы құны 210 млн теңге болған.

ҚМА мәліметінше, сатып алу заң талаптарын айналып өтіп жүргізілген. Өйткені мұндай құндағы медициналық техниканы заңнамаға сәйкес Бірыңғай дистрибьютор арқылы сатып алу қажет болған.

Тергеу дерегіне сәйкес, іске қалалық аурухана директорының орынбасары, «Жарылқау» қоғамдық қорының басшысы, Жаңаөзен қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары және өнім беруші қатысы бар деп күдікке ілінген.

Жабдықты нақты сатып алуға 92 млн теңге жұмсалған.

Тергеу нұсқасы бойынша, қалған қаражат үлестес кәсіпорындар арқылы қолма қол ақшаға айналдырылып, іске қатысушылар арасында бөлінген.

Сондай ақ «AKBS Invest» ЖШС өкілі қылмыстық жолмен алынған қаражатқа Астанадан пәтер сатып алып, оны үшінші тұлғалардың атына рәсімдеген деген күдік бар.

Жаңаөзен қаласы әкімінің бұрынғы орынбасарына қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 361 бабы бойынша лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдалану дерегімен тергеу басталған.

Қазір 3 күдікті қамауға алынды.

Сот санкциясымен олардың мүлкіне тыйым салынған. Оның ішінде 2 пәтер, 2 тұрғын үй және автокөлік бар.

Қазіргі уақытта тергеу жалғасып жатыр.

ҚР Қылмыстық процестік кодексінің 201 бабына сәйкес өзге ақпарат жарияланбайды.

Войдите, чтобы оставить комментарий