«Жанына сыбырлап айтатын адамдарын ертіп келсін»: заңгер Аша Матайды жекпе-жекке шақырды

24.07.2026 10:52 Әсел МҰРАТ
«Жанына сыбырлап айтатын адамдарын ертіп келсін»: заңгер Аша Матайды жекпе-жекке шақырды
171
Фото: әлеуметтік желіден

23 шілдеден бастап Құрылтай сайлауына қатысатын саяси партиялардың сайлауалды үгіт-насихат науқаны ресми түрде басталды, деп хабарлайды Politico.kz.

Сайлауалды науқанға белсенді араласатынын ҚХП мүшесі, көпшілікке Аша Матай есімімен танымал Ақбота Асқарбекова да айтты. Ол осы уақытқа дейін не себепті ашық пікір білдірмегенін түсіндіріп өтті.

Әншінің сөзінше, кандидаттарды тіркеу кезеңінде сайлауалды үгіт-насихат жүргізуге заң бойынша рұқсат етілмеген. Сондықтан ол заң талаптарын сақтап, әзірге үнсіз қалуды жөн көрген.

«Сондықтан мен заң талаптарын құрметтеп, үнсіздікті таңдадым. 2026 жылы 23 шілде сағат 18:00-ден бастап сайлауалды үгіт-насихат кезеңі ресми түрде басталды. Ол 22 тамыз сағат 00:00-де аяқталады. 22 тамыз – тыныштық күні. Бұл күні және 23 тамыз – сайлау күні қандай да бір үгіт-насихат жүргізуге заңмен тыйым салынады. Енді мен өз ойымды ашық айтып, көкейімде жүрген мәселелерді сіздермен еркін бөлісе аламын», – деп жазды Аша Матай.

Аша Матайдың жазбасына белгілі заңгер Мейірман Шекеев пікір білдірді. Ол сайлауға қатысатын кандидаттар халықпен ашық сөйлесіп, өз ұстанымдарын көпшілік алдында қорғауы керек деп санайды.

Заңгер бұған дейін Аша Матайды дебатқа шақырғанын еске салып, ұсынысының әлі де күшінде екенін жеткізді.

«Өз тағдырымызды солардың қолына ұстатайын деп отырмыз. Сайлауға түсушілер ел алдына шығуы керек. Менің Аша Матайды дебатқа шақырғаным әлі де өз күшінде. Кеше оның журналистердің біріне берген жауабы кезінде жанында біреулердің сыбырлап отырғаны әлеуметтік желіде тарады. Мен Аша Матайды сыбырлайтын адамдарымен бірге дебатқа шақырамын. Қасына бес адам ертіп келсе де, жекпе-жекке дайынмын. Бұл Аша Матайдың деңгейін түсіру үшін емес. Сайлауға қатысатын адам шыңдалып, халықтың жағдайын жақсы білуі керек», – деді Мейірман Шекеев.

Заңгердің сөзінше, «қисық қалыптан түзу кірпіш шықпайтыны» сияқты, ел заңын түзетуге бағыт алған өнер өкілдері кәсіби деңгейдегі сауалдарға өздігінен жауап бере алуы тиіс.

Сонымен қатар заңгер елдегі бірқатар заңмен келіспейтінін айтып, оларды жетілдіру қажет екенін жеткізді. Оның пікірінше, қолданыстағы заңдарға өзгеріс енгізу міндеті енді сайлауға қатысатын өнер адамдарына жүктелмеуі керек.

Бұған дейін желіде Аша Матайдың ҚХП брифингтерінің бірінде қойылған сұрақтарға жауап беру кезінде жанындағы адамдардың сыбырлап, нұсқау беріп отырғаны видеосы тараған еді.

Войдите, чтобы оставить комментарий