Жаттығу кезінде ән шырқап, жұртты сүйсінткен бала Димаштың концертінде өнер көрсетті

Атыраудан шыққан жас дзюдошы Бекболат Иса Алматы қаласында өткен әйгілі әнші Димаш Құдайбергеннің концерті кезінде көпшілікті таңғалдырды, деп хабарлады POLITICO.KZ MADENIPORTAL.KZ -ға сілтеме жасап.
Кеш барысында күтпеген жерден сахнаға көтерілген Бекболат Иса ән шырқап, тыңдармандардың зор қошеметіне ие болды. Оның өнері залдағылардың жүрегіне жол тауып, әлеуметтік желілерде де қызу талқыланып жатыр.
Бұл сәт ерекше әсерлі көрініске айналды: Бекболат сахнаға классикалық киіммен шығып, халқымыздың қазынасы саналатын «Балқадиша» әнін нақышына келтіре орындады. Оның шынайы әрі нық орындауы көрермендерге жылы әсер қалдырды.
Димаш Құдайберген болса, жымия отырып жас талантқа қолдау білдіріп, оның өнеріне риза болғанын білдірді. Көп ұзамай Бекболат Исаның осы сахналық көрінісі түсірілген бейнежазба әлеуметтік желілерде кеңінен таралып, жұрттың ықыласына бөленді.
Интернет қолданушылары жас баланың сахнада өзін еркін ұстағанын, дауысының тазалығын ерекше атап өтіп, «Болашағымыз жарқын», «Сахнада мүлде абыржымады», «Жүректен шыққан ән» сынды пікірлер қалдыруда.
Айта кетерлігі, Бекболат Иса көпшілікке TikTok желісіндегі дзюдо жаттығуындағы бейнеролигі арқылы танымал бола бастаған еді. Ол бейне күтпеген жерден кең таралып, көпшіліктің назарын аударған болатын.
Соңғы жаңалықтар





