«Жатырын да жыртып жіберген»: Шымкентте қызды өз үйінде зорлап кеткен

25.11.2025 10:02 Мөлдір Талғат
«Жатырын да жыртып жіберген»: Шымкентте қызды өз үйінде зорлап кеткен
0
366
Фото: ашық дереккөз

Шымкентте қызды өз үйінде аяусыз ұрып-соғып, зорлап кеткен сұмдық жағдай тіркелді, деп хабарлайды Politico.kz.

Заңгер Айгүл Орынбек Sputnik Қазақстан тілшісіне қылмыстың ауырлығын дәлелдеудің мүмкін болмай отырғанын айтты. Жәбірленушінің жағдайы түсірілген бейнежазбаны көрген адамның тіксінбеуі мүмкін емес: қыздың бет-аузы қан жоса, денесінде сау жер қалмаған.

«Бұл оқиға Шымкентте қыркүйекте болған. Жәбірленуші қыздың әпкесі бізге келіп көмек сұрады. Ол іс жабылайын деп жатқанын айтты. Біз заңгерлік көмек көрсетіп, қылмыстық іс 121-бап бойынша ашылды», – дейді Айгүл Орынбек.

Алайда зорлықтың аса қатыгездікпен жасалғанын дәлелдеу қиынға түскен.

«Сараптама ауыр жарақат деген қорытынды шығарады деп күттік. Бірақ сараптама жеңіл дене жарақаты деп берді. Біз бұған келіспей, комиссиялық сараптама тағайындауды сұрадық. Алайда Шымкент қаласы прокуратурасының өкілдері “прокурордың бірінші орынбасары Ержан Марат келісім бермей жатыр” деп, комиссиялық сараптамадан бас тартты», – дейді заңгер.

Оның айтуынша, қыздың денесінде сау-тамтық жоқ:

«Қызды ұрып-соғып, құлағын жыртып жіберген. Аяусыз соққыға жыққан. Құлағы ғана емес, жатырын да жыртып жіберген. Көршісі бірінші болып көмек берген, бейнежазбаны да көршісі түсірген. Қылмыс қыздың үйінде болған. Күдікті – жас жігіт», – дейді ол.

Осындай ауыр жарақаттарға қарамастан, сот-медициналық сараптама «жеңіл жарақат» деген қорытынды шығарған.

«Прокурордың бірінші орынбасары Ержан Марат комиссиялық сараптамаға рұқсат бермегендіктен, қыздың бейнежазбасын туыстары әлеуметтік желіге салуға мәжбүр болды. Біз комиссиялық сараптама сұрағаннан кейін оны қанағаттандыруы керек еді, бірақ олай болмады. Прокуратура не себепті рұқсат бермегенін білмейміз», – дейді Орынбек.

Шымкент қалалық полиция департаментінің мәліметінше, оқиға 12 қыркүйекте болған.

«Қылмыс жасады деген күдікті сол күні ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр. Қылмыстық іс бойынша материалдардың толықтығын қамтамасыз ету үшін қосымша тергеу әрекеттері жүргізілуде. Күдікті қамауға алынды», – деп хабарлады ведомство.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий