Желіде шу болған Wedrink сусындарына қатысты Денсаулық министрлігі жауап берді

26.05.2026 15:22 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Желіде шу болған Wedrink сусындарына қатысты Денсаулық министрлігі жауап берді
189
Фото: 2ГИС/Guli D

Әлеуметтік желіде қолданушылардың жаппай шағымына іліккен Wedrink өнімдеріне қатысты Денсаулық сақтау министрлігі ресми жауап берді, деп хабарлайды Politico.kz.

Қытайлық Runxiang Catering Company компаниясына тиесілі желі елімізге 2024 жылдың күзінде кіріп, Алматы, Астана, Қарағанды, Ақтөбе және т.б. қалаларда ондаған филиалын ашып үлгерген. Бағасының арзандығы мен дизайнының ерекшелігі арқасында жастар арасында тез танымал болған бабл-ти мен жеміс шайларына қатысты желіде түрлі шағымдар тарай бастады. Осыған орай SHYNDYK.KZ басылымының сауалына Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті жауап берді.

Ведомство мамандары бұл сусындардың құрамында қантқа толы қою сироптар бар екенін және оны шамадан тыс ішу ағзаға кері әсер ететінін ескертті.

«Мұндай өнімдерді шектен тыс тұтыну асқазанға салмақ түсіріп, қандағы қант деңгейінің көтерілуіне әкеп соғуы мүмкін, әсіресе балалар мен жасөспірімдерге бұл сусындарды көп ішуге болмайды», – деп мәлімдеді комитет өкілдері.

Сонымен қатар министрлік дәл осы брендтің өнімдерінен жаппай улану дерегі тіркелмегенін жеткізді. Өңірлердегі жұқпалы аурулар ауруханаларымен бірлесіп жасалған талдау нәтижесінде де Wedrink өнімдерінен зардап шеккендер анықталмаған.

«Комитетке және оның аумақтық департаменттеріне Wedrink өнімдерінен жаппай улану туралы шағым түскен жоқ, ауруханалармен бірлесіп жүргізген талдау қорытындысы бойынша да бұл брендке қатысты улану фактілері анықталмады», – делінген ресми жауапта.

Егер азаматтарда улану фактісі нақты расталса, олар медициналық анықтамаларымен бірге аумақтық бөлімшелерге барып, жоспардан тыс тексеру жүргізуді талап ете алады.

Айта кетейік, 2012 жылы негізі қаланған франчайзингтік кафенің бүгінде әлем бойынша 3000-нан астам сауда нүктесі жұмыс істейді. Онда тәтті балмұздақтар, кофе, смузи мен түрлі лимонадтар сатылады.

Войдите, чтобы оставить комментарий