«Жерлеуге мобилографпен бару дұрыс па?»: Сәкен Майғазиев сынның астында қалды
Танымал әнші Сәкен Майғазиев Қазақстанның Халық әртісі, аңыз актер Асанәлі Әшімовті соңғы сапарға шығарып салу рәсіміне қатысып, әлеуметтік желіде сынға қалды, деп хабарлайды Politico.kz
Желі қолданушылары әншіні қаралы жиынға мобилографпен барғаны үшін айыптап, жерлеу рәсімін видеоға түсіріп, желіге жариялауды орынсыз деп бағалады. Кейбір пікір иелері мұны хайпқа баласа, енді бірі өнер иесінің әрекетін қорғап шықты.
Threads әлеуметтік желісіндегі бір қолданушы бұл жағдайға қатысты өз пікірін білдіріп, Сәкен Майғазиевті жамандаудың қажеті жоқ екенін жазды. Оның айтуынша, әншінің мәдениеті мен өнерге деген құрметі жоғары, әрі бұл жолы түсірілген материалдар ақылы емес, көпшілікке тегін ұсынылған.
Сонымен қатар, желіде түрлі көзқарастағы пікірлер қатар өрбіді. Бірі: «Сәкен кейінгі кезде өзіне көп алып жүр», «Мақтаншақтыққа салынып кетті» десе, енді бірі: «Бұл – жай адам емес, тарихи тұлғаның соңғы сапары», «Қаралы күннің өзі тарих, оны көрсету ерсі емес» деп әншіні қорғады.
Айта кетейік, Сәкен Майғазиев Асанәлі Әшімовке қатысты жеке әлеуметтік желідегі парақшасында бес бірдей жазба жариялаған. Бұл да қоғам назарын аударып, талқыны күшейте түсті.
Қалай болғанда да, бұл жағдай қоғамда қаралы сәттерді жариялау мәдениеті, өнер адамдарының жауапкершілігі мен шекарасы туралы ой салды.

Соңғы жаңалықтар