Жетісу облысында екі ұл әкесін ұрып-соққан: сот үкімі шықты

19.03.2026 10:35 Мөлдір Талғат
Жетісу облысында екі ұл әкесін ұрып-соққан: сот үкімі шықты
245
Фото: ашық дереккөз

Жетісу облысы Ақсу ауданында екі азаматтың өз әкесін ұрып-соғып, қорлағаны туралы дерек қоғамда үлкен резонанс тудырды, деп хабарлайды  Politico.kz.

Todayinfo.kz сайтының мәліметінше, оқиға ауданға қарасты ауылдардың бірінде болған. 62 жастағы ер адам әлеуметтік желі арқылы көмек сұрап, ұзақ уақыт бойы өз ұлдарының қысымына ұшырап келгенін айтқан. Оның сөзінше, екі ұлы әкесінен ақша талап етіп, үнемі күш көрсетіп отырған.

Қарияның айтуынша, жанжалдардың бірі кезінде ұлдары оны ауыл шетіне апарып, ұрып-соғып, жыртылған киіммен, аяқ киімсіз қалдырған. Соның салдарынан ол бір айға жуық уақыт бойы ауырып жатқан.

Сондай-ақ ер адам 2013 жылы отбасымен бірге Қытайдан Қазақстанға қоныс аударғанын жеткізді. Қазіргі таңда ауылдағы шағын шеберханада етікші болып жұмыс істейді. Оның сөзінше, ұлдары тек үйде ғана емес, жұмыс орнында да тәртіпсіздік жасап, мүлкіне зиян келтірген, ақшасы мен құжаттарын тартып алған.

Қария бірнеше рет полицияға шағымданған. Нәтижесінде екі ұлы жауапкершілікке тартылып, сот шешімімен бір айға дейін қамауда болған. Алайда бостандыққа шыққаннан кейін де олардың әкесіне көрсеткен қысымы тоқтамаған.

Жәбірленуші қазіргі уақытта өзінен тартып алынған құжаттарын (жеке куәлік пен паспорт) іздестіріп жүр. Оның айтуынша, құжаттарды ұлдарының бірі алып қойған. Осыған байланысты ол полициядан құжаттарын қалпына келтіруге көмек сұраған.

Полиция мәліметінше, ұрып-соғу фактісі бойынша қозғалған қылмыстық іс барысында бұл әрекеттерді оның 31 және 34 жастағы екі ұлы жасағаны анықталған. Сот үкімімен олар кінәлі деп танылып, әрқайсысына қамау жазасы тағайындалды. Сонымен қатар, сот олардың мінез-құлқына 3 ай мерзімге ерекше талаптар қойып, жәбірленушіге жақындауға тыйым салды. Қазіргі таңда күдіктілер қамауда отыр. Бостандыққа шыққаннан кейін олар профилактикалық есепке алынатын болады.

Қарияның видеоүндеуі әлеуметтік желілерде кеңінен тарап, қоғамда үлкен резонанс тудырды. Пайдаланушылар Қазақстанда үлкенді, әсіресе ата-ананы құрметтеу – басты құндылықтардың бірі екенін атап өтті.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Войдите, чтобы оставить комментарий