Жетісу облысында найзағай соғып, шопан мен мал мерт болды

Жетісу облысының Ескелді ауданында қайғылы оқиға орын алды, деп хабарлайды HALYQSTAN арнасы. Қатты жауын кезінде түскен найзағай мал бағып жүрген шопанның, оның екі атының және итінің өмірін қиды.
Зерносовхоз ауылының тұрғындарының айтуынша, оқиға бірнеше күн бұрын болған. Екі шопан ашық далада мал айдап бара жатқанда, кенеттен найзағай түскен. Оның соққысынан салт атты шопандардың бірі сол жерде көз жұмды. Одан сәл қашықтықта болған екінші шопан ғажайыппен аман қалып, тек шошынып, денесін жеңіл күйік шалған.
«Бәрі бірнеше секундта болып өтті. Ол сол жерде жан тапсырды, онымен бірге екі аты мен адал иті де мерт болды. Серігі болса көрген сұмдығынан әлі есін жия алмай жүр», – дейді ауыл тұрғындары.
Ауылдастарының айтуынша, қаза тапқан азамат тәжірибелі, еңбекқор әрі мейірімді жан болған. Қазір бүкіл ауыл аза тұтуда. Жергілікті әкімдік марқұмның отбасына көмек көрсетуге уәде беріп, басқа шопандарға найзағай кезіндегі қауіпсіздік шаралары туралы түсіндіру жұмыстарын күшейтетінін хабарлады.
Соңғы жаңалықтар





