Жолаушылар ұшағы көкке көтерілгеннен кейін апатқа ұшырады

10.02.2026 18:01 Мөлдір Талғат
Жолаушылар ұшағы көкке көтерілгеннен кейін апатқа ұшырады
705
Фото: видеодан скриншот

Сомалиде StarSky әуе компаниясына тиесілі жолаушылар ұшағы Үнді мұхитының жағалауына жақын маңда апатқа ұшырады. Оқиға орнынан түсірілген бейнежазба әлеуметтік желілерде тарады, деп хабарлайды Politico.kz.

Алдын ала мәліметке сәйкес, апат Аден-Адде әуежайының маңында болған. The Mirror басылымының дерегінше, әуе кемесі ұшып көтеріле сала техникалық ақауларға байланысты биіктігін жоғалта бастаған. Куәгерлер ұшақтың Джасиира жағажайына жақын таяз суға мәжбүрлі қону сәтін видеоға түсіріп алған.

Кадрлардан ұшақтың төмен биіктікте ұшып келіп, суға қонғаны байқалады. Су бетімен соқтығыс кезінде қанаттарының қатты зақымданып, деформацияланғаны көрінеді.

Зардап шеккендер бар ма?

Құтқару қызметтері апат орнына бірнеше минут ішінде жеткен. Әуежай өкілдерінің хабарлауынша, ұшақта өрт шықпаған.

«Басты мақсат – суға жақын жерде болғандықтан, соққыдан кейін өрттің алдын алу болды. Қуанышқа орай, борттағы адамдардың барлығы аман-есен эвакуацияланды», – деді әуежай өкілі.

Сомалидің Азаматтық авиация басқармасының (SCAA) мәліметінше, ұшақта 55 жолаушы мен экипаж мүшелері болған, барлығы тірі.

Апатқа байланысты әуежай қысқа уақытқа жабылып, кейін қалыпты режимде жұмысын қайта жалғастырды. Қазіргі таңда апаттың нақты себептерін анықтау үшін ресми тергеу басталды. Мамандар ұшақтың техникалық жағдайы мен экипаж әрекеттерін тексеруде.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Войдите, чтобы оставить комментарий