Экс-министр Біртановтың інісіне жауапты қызмет бұйырды

Экс-министр Біртановтың інісіне жауапты қызмет бұйырды
Фото: ашық дереккөз

Бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың бауыры Есжан Біртанов жаңа Tansar Islamic Bank Ltd. ислам банкінің директорлар кеңесіне мүше болды. Компания 2026 жылғы 16 қазанда «Астана» халықаралық қаржы орталығында (АХҚО) тіркелген, деп хабарлайды Politico.kz.

Банктің жарғылық капиталы – 12 млн доллар. Оның жалғыз акционері – қаржы қызметтері мен инвестиция саласында жұмыс істейтін Tansar Group компаниясы.

Банк қандай қызмет көрсетеді?

Tansar Islamic Bank шариғат талаптарына сай қаржыландыру, төлемдер мен ақша аударымдарын жүргізу, валюта айырбастау және клиенттердің қаражатын басқару қызметтерін ұсынуды жоспарлап отыр.

Алайда банк әлі клиенттерге қызмет көрсете алмайды. Ол үшін АХҚО-ның қаржы реттеушісі – AFSA-дан тиісті рұқсат алуы қажет.

Банк басшылығына кімдер кірді?

Tansar Islamic Bank-тің бас директоры болып Рүстем Баймаханов тағайындалды. Ал директорлар кеңесіне Ержан Ағибаев, Нүркен Досмұхамбетов, Айдос Мұсатаев және Есжан Біртанов кірді.

Ержан Ағибаев қаржы саласында 20 жылдан астам уақыт еңбек еткен. Қазір ол Tansar Capital инвестициялық компаниясының басқарма төрағасы қызметін атқарады.

Айдос Мұсатаевтың қаржы секторындағы тәжірибесі 15 жылдан асады. Ол бағалы қағаздармен операциялар, сауда және инвестицияларды басқару бағыттарында жұмыс істеген.

Нүркен Досмұхамбетов – Dictum Factum заң фирмасының басқарушы серіктесі. Ол мемлекеттік, квазимемлекеттік және қаржы секторларында қызмет еткен, соның ішінде Ұлттық банктің заң департаментін басқарған.

Ал Есжан Біртановтың бағалы қағаздар нарығындағы тәжірибесі 25 жылдан асады. Бұған дейін Ұлттық банкте жұмыс істеп, 2019-2022 жылдары оның төрағасының орынбасары болған. Сондай-ақ Қазақстан қор биржасын (KASE) басқарған және «Бәйтерек» холдингінде басқарушы директор қызметін атқарған.

Tansar Capital-мен қандай байланысы бар?

Жаңа банктің атауы Қазақстанның қаржы нарығында 1995 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан Tansar Capital инвестициялық компаниясының атауына ұқсайды. Бұрын бұл компания CAIFC Investment Group деп аталған.

Екі компанияның басшылығында да ортақ тұлғалар бар. Ержан Ағибаев Tansar Capital басқармасын басқарады, ал Есжан Біртанов инвестициялық компанияның директорлар кеңесінің төрағасы қызметін атқарады. Енді ол жаңа ислам банкінің директорлар кеңесіне де қосылды.

Ислам банкі несімен ерекшеленеді?

Ислам банктері дәстүрлі пайыздық несие орнына шариғат қағидаларына сай қаржыландыру тетіктерін қолданады. Мысалы, банк тауарды сатып алып, клиентке үстеме бағамен сата алады. Бұл пайыздық несие алғысы келмейтін адамдар үшін балама болуы мүмкін.

Жаңа банктің нақты қандай шарттармен қызмет көрсететіні әзірге белгісіз. Ол алдымен реттеушіден рұқсат алуы керек. Содан кейін ғана клиенттерге ұсынылатын қызметтер мен қаржыландыру талаптары белгілі болады.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу