Бірлік күні: Қазақстан халқы қаншалықты біртұтас?
Қазақстандықтардың 80% мемлекеттік тілді түсінеді, бірақ соның 49,3%-ы ғана күнделікті өмірде қазақша сөйлейді.
Республикада бірлікті сақтап тұру билікке оңайға түсіп тұрған жоқ. Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің дерегінше, 2023 жылғы 11 айда (12 айдың қорытындысына арналған есепте бұл саланың статистикасы жоқ) Қылмыстық кодекстің «Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру» атты 174-бабы бойынша қозғалған істер саны бірден 56,4%-ға артып шыға келіпті.
Егер 2022 жылдың 11 айында бұл атышулы баппен 55 қылмыстық іс қозғалса, былтырғы қаңтар-қарашада істер саны бірден 86-ға жеткен.
Комитеттің ресми дерегінше, Павлодар облысы тұрғындарының үстінен осы баппен қозғалған істер саны соңғы бір жыл ішінде – 5 есеге (1 істен 5 іске дейін), Солтүстік Қазақстан облысында – 4,5 есеге (2-ден 9 іске дейін), Астана қаласында – 3,2 есеге (5-тен 16-ға дейін), Қарағанды облысында – 3 есеге (2-ден 6-ға дейін), Қостанай облысында – 3 есе (1-ден 3-ке дейін), Атырау облысында – 2,5 есеге (2-ден 5-ке дейін), Жамбыл облысында – 2 есеге (2-ден 4-ке дейін) артты.
Бұл тұрғыда бұрын тыныш болған өңірлер де «қара тізімге» қосылды. Абай облысында істер саны 0-ден 2-ге дейін, Алматы облысында 0-ден 6-ға дейін көбейді.
Кейбір өңірде бұл тұрғыда әлдебір «тұрақтылық» бар: Ақмола және Батыс Қазақстан облыстарында 2022 және 2023 жылдары – бес-бес істен, Шығыс Қазақстан облысында – бір-бірден іс қозғалыпты.
Бірқатар өңірде әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру талаптары азайған. Ақтөбе облысында – 4-тен 1 іске дейін, Алматы қаласында – 9-дан 7-ге дейін, Қызылорда облысында – 3-тен 2-ге дейін. Маңғыстау облысында – 4-тен 3-ке дейін, Шымкентте – 6-дан 2-ге дейін, Түркістан облысында – 3-тен 2-ге дейін қысқарды. Жетісу облысында екі жылда да – нөл іс.
Өсім биыл да жалғасты. Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитет мәліметінше, әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық, дiни алауыздықты қоздыру бабымен 2024 жылғы үш айда 27 іс қозғалған. Өткен жылдың бірінші тоқсанымен салыстырғанда, 17,4 пайызға ұлғайды. Былтырғы үш айда 23 қылмыстық іс қозғалған екен.
Үлкен өсім – Қарағанды облысында: 2023 жылдың бастапқы үш айында бірде бір қылмыстық іс болмаса, 2024 жылдың басынан 4 іс қозғалған.
Елордада, Атырау облысында, әрқайсысында қозғалған істер саны 2 есе (1-ден 2-ге дейін) көбейді. Ақмола облысында осы кезеңде былтыр және биыл 3 істен қозғалған. Ақтөбе облысында былтыр жыл басы тыныш болса, биыл бір іс қосылды. Алматы облысында да солай: 2023 жылғы 3 айда – 0, ағымдағы жылғы үш айда – 2. Шығыс Қазақстан, Қостанай және Қызылорда облыстарындағы ахуал ұқсас: 0-ден 1 іске дейін өсті.
Жамбыл және Маңғыстау облыстарында екі жылдың бірінші тоқсанында да екі істен, Түркістан облысында – үш істен ашылыпты. Өзге өңірлерде төмендеу байқалады. Бірақ жыл жаңа ғана басталды.
Қылмыстық кодекстің 174-ші бабының ең жоғарғы жазасы – жиырма жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруды қарастырады.
Сарапшылар бұл баппен мемлекеттік тілдің мәртебесі, ұлт тағдыры үшін шырылдап жүрген ел жанашырларының да жазаланып кеткенін айтуда. Бұған билік өкілдерінің де наразылығы бар. Мысалы, Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов ұлттық мүддені қорғағандар жазаланып, қоздыратындар бостандықта жүретінін мәлімдеді, деп хабарлайды Qaz365.kz. Мәжілісмен Зайытов елде ұлтараздықты қоздыратындарға қатысты екі түрлі стандарт қолданылатынына қарсы көрінеді.
«Жасыратыны жоқ, біздің мемлекетте екі түрлі стандартпен өмір сүретін жағдай өте көп. Ұлтараздықты қоздырмаймыз деп, қазақ ұлтының мүддесін қорғаған адамдарды қамаймыз, жазалаймыз, айыппұл саламыз. Ал арамызда жүріп, соғысты дәріптеп, мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтіріп жүрген адамдарды еш жауапкершілікке тартпаймыз. Басқа ұлттың үстемдігін жарнамалайтын, тіпті қазақтарға «қазанбас», «нацпати» деп ат қоятындардың ешқайсысын жазалаған жоқпыз. Біздің мемлекеттің аумағында шетелдік арналар еркін таралуда. Мемлекеттің қаржысын алып отырып, көрші мемлекеттердің: «Қазақстанға соғыс ашу керек, тарихы жоқ» деп ақылға қонымсыз ақпараттарын таратады. Бұларға шара қолдануға мүмкіндік бар ма?», – деді Ринат Зайытов.
Өз кезегінде Мәдениет және ақпарат министрі А.Балаева бұл мәселені саясиландырудың, күрделендірудің қажеті жоқ деп санайды. Ол 33 жылдың ішінде мемлекеттік тілді қолданудың аясы кеңейіп келе жатқанын алға тартты.
«Біз оны таяуда нақтылап қарадық. Бұқаралық ақпарат құралдарын мемлекеттік тілде қарап, оқитындардың үлесі 80 пайыз. Яғни табиғи түрде тіл өз кеңістігін кеңейтіп келеді. Заң бәрімізге бірдей, ешкімді алалап жатқан жоқпыз. Министрлік барлығына бірдей мониторинг жүргізеді. Заңбұзушылық болған жағдайда құзыретті органдарға беріп отырамыз. Олар өз тараптарынан зерделеп, сараптама жасайды. Бұл жерде ұлтына қарай ешкімді бөлмейміз. Қазақстан азаматтарының барлығына заң бірдей», – деп нықтады Аида Балаева.
Мысалы, өткен аптада, Алматы облысында сот зейнеткер әжейді ұлтаралық араздықты қоздырды деп танып, 3,5 жылға бостандығын шектеуге үкім шығарды.
«2023 жылдың 6 қарашасында, шамамен 19:00-де М. ұлтаралық араздықты қоздыру мақсатында азаматтардың ұлттық ар-ожданын қорлауға бағытталған және нақты бір ұлт пен діннің артықшылығы мен үстемдігі туралы аудиожазбасын What’s App-тағы көршілер тобына салған. Ол топта түрлі ұлттың азаматтары болған. Тергеудің есептеуінше, сотталушы өз сөзінің қоғамдық тәртіпті бұзып, Ұйғыр ауданы тұрғындарының арасында кейістік тудыратынын түсінген. Сотта әйел өз айыбын мойындады және шын жүректен өкінді», – деп түсіндірді Алматы облысы сотының баспасөз қызметі.
Сот өз айыбын ұғынғанын, қария жасын, денсаулығының әлжуаздығын ескеріп, оны 3,5 жыл бостандығын шектеді. Үкім күшіне енбеген.
Бұдан бұрын ақпарат құралдары қазақ халқы мен тілін ғайбаттаған 21 жасар алматылық келіншектің алауыздықты қоздырды деп айыпталып, екі жылға бас бостандығынан айрылғанын жазды. 2023 жылғы қарашада Астана соты Қазақстан азаматы Наталья Свириденконы TikTok эфирінде қазақ ұлтын боқтап, қорлағаны үшін төрт жылға түрмеге жөнелтті.
Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2021 жылғы соңғы жалпыұлттық санақ қорытындысында Қазақстан тұрғындарының 80,1%-ы мемлекеттік тілді азды-кем болса да, меңгергені анықталды. 19,9%-ы – мүлдем білмейді.
Салыстырсақ, оның алдындағы, 2009 жылғы санақ бойынша қазақ тілін азды-көпті білетіндердің үлесі 74% болған. Соның ішінде екі ірі ұлтта: қазақтардың – 98,3%-ы, орыстардың – 25,3%-ы мемлекеттік тілді меңгерген еді.
2021 жылғы санақ деректері бойынша қазақтардың – 99,6%-ы, орыстардың – небары 25,1%-ы мемлекеттік тілді білетін болып шықты.
Алайда, Статбюро мәліметінше, қазақтардың тек 63,4%-ы және орыстардың 9,3%-ы ғана мемлекеттік тілді күнделікті өмірде қолданады. Басқасы өмірде, өзара орысша сөйлеседі.
Қазақстандағы қала халқының – 76,4%-ы мемлекеттік тілді меңгерген, соның ішінде 43,3%-ы ғана күнделікті өмірде қазақ тілін пайдаланады. 23,6%-ы – қазақша мүлдем білмейді.
Ауыл халқының 85,8%-ы – меңгерген, соның ішінде 58,6%-ы – күнде қазақша сөйлеседі, өмірде және жұмыста пайдаланады. Ауылдықтардың 14,2%-ы – қазақша түсінбейді және сөйлемейді.
Қазақстанда тұратын өзге ұлт өкілдерінің арасында мемлекеттік тілді үйренгендердің үлесі келесідей:
• Украиндер – 23,7% (өмірде қазақ тілін қолданатыны 7,6%);
• Белорустар – 22,8% (6,5%);
• Өзбектер – 72% (47,4%);
• Грузиндер – 30,7% (13%);
• Әзірбайжандар – 58,5% (32,1%);
• Литвалықтар – 23,3% (8,1%);
• Молдавандар – 27,7% (9,6%);
• Латыштар – 26,2% (9,8%);
• Қырғыздар – 58,5% (34,7%);
• Тәжіктер – 63,6% (41,4%);
• Армяндар – 28,7% (10,9%);
• Түркімендер – 61,3% (37,2%);
• Эстондар – 24% (9,4%);
• Абхаздар – 30,1% (11,8%);
• Балкарлар – 58,6% (31,9%);
• Башқұрттар – 49,3% (19,4%);
• Буряттар – 39,5% (15,7%);
• Аварлар – 40,1% (16,6%);
• Агулер – 27,7% (12,8%);
• Даргиндер – 34,9% (15,3%);
• Құмықтар – 49,9% (28,4%);
• Лактар – 41,8% (21,4%);
• Лезгиндер – 42,4% (21,6%);
• Ноғайлар – 63% (38,6%);
• Рутулдар – 34,9% (14,7%);
• Табасарандар – 36% (16,7%);
• Ингуштер – 32,8% (9,5%);
• Кабардиндер – 48,4% (27,6%);
• Қалмақтар – 49,8% (24,2%) және басқасы.
Міне, Ұлттық статистика бюросының ресми дерегі осындай. Бұдан, Қазақстан халқының мемлекеттік тілдің айналасында қаншалықты біріккенін байқап, ой түюге болады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы ассамблеясының таяудағы ХХХІІІ сессиясында қоғамда ұлтына қарай ерекшеленуге, оқшаулануға ұмтылған кез келген әрекетке, әсіресе, азаматтарды тіліне, ұлтына, дініне немесе мәдениетіне бола арандатуға, я болмаса кемсітуге қатаң тыйым салынатынын ескертті.
Сонымен бірге, тіл – өзекті мәселенің бірі екенін, оның дұрыс шешілмеуі «қоғамдық-саяси ахуалдың тұрақтылығына едәуір ықпал ететінін» мойындады.
Қ.Тоқаев тіл мәселесінде «стратегиялық ұстамдылық және толеранттық танытатынын», өзгеден де соны талап ететінін білдірді.
«Бірақ бұл біздің мемлекеттік тілді жан-жақты дамытуға баса назар аударатынымызды жоққа шығармайды. Сонымен қатар мемлекеттік тілдің дамуына айрықша назар аударуға ықпал етеді. Мен қазақ тілі уақыт өте келе этносаралық қатынас тіліне айналатынына сенімдімін. Біз біртіндеп осыған келе жатырмыз», – деді Президент Қ.Тоқаев.