Ресейге қашып кеткен басшылардың Өскемендегі зауыты мемлекетке өтті

07.04.2026 18:18 Арман Ермеков
Ресейге қашып кеткен басшылардың Өскемендегі зауыты мемлекетке өтті
438
коллаж Politico.kz

Өскемендегі құрылысы аяқталмаған «Азия Авто» зауыты сауда-саттық арқылы мемлекеттік ұйымның меншігіне өтті, деп хабарлайды Politico.kz порталы Informburo.kz-ке сілтеме жасап.

7 сәуір күні Өскемендегі Егоров көшесінде орналасқан зауыт пен жалпы аумағы 515 гектардан асатын 4 жер телімі арнайы сауда-саттық арқылы мемлекетке табысталды. 23 267 885 900 теңгеге бағаланған бұл нысандардың саудасына тек мемлекеттік мекемелер мен әлеуметтік қызмет көрсету субъектілері қатыса алды. Ақпан айында Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі аталмыш өндіріс орнын жаңа инвесторларға беру мәселесін қарастырып жатқанын мәлімдеген еді. 

Кәсіпорынның бұрынғы басшылары Анатолий Балушкин мен Ерік Сағымбаевқа 2025 жылдың сәуір айында сот сырттай үкім шығарып, оларды тиісінше 9 және 8 жыл 6 айға бас бостандығынан айырды. Тергеу мәліметіне сүйенсек, олар осы көлік құрастыратын зауыт салуға бөлінген 230 млрд теңгеден астам қаражатты жымқырып, банк алдындағы қарыздарын жабудан және салық төлеуден жалтарған. 2021 жылдан бері іздеуде жүрген экс-басшылардың ісі 2025 жылдың маусым айында Шығыс Қазақстан облыстық сотында қайта қаралып, олардан министрлік пайдасына 115,98 млрд теңге шығын өндіру туралы шешім қабылданды.

Алайда Ресей тарапы Қазақстан азаматтығынан айырылып, көрші елдің төлқұжатын алған Балушкин мен Сағымбаевты ұстап беруден бас тартты. Ресей билігі бұл талапты орындау мемлекеттің қауіпсіздігі мен егемендігіне қатер төндіреді деген уәжбен олардың мүлкін бұғаттамады. Қазіргі уақытта 2022 жылдан бері халықаралық іздеуде жүрген екі күдікті басқа шетелде ұсталған жағдайда, оларды елге қайтару жұмыстары жалғасады.

Анатолий Балушкин 2020 жылы Қазақстандағы ең ықпалды 50 кәсіпкердің ішінде 37-орынды және 50 ең бай адам тізімінде 35-орынды иеленген болатын. Сол кезде «Азия Авто» және «БИПЭК Авто Қазақстан» компанияларының негізгі акционері болған оның байлығы $153 млн бағаланған.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Войдите, чтобы оставить комментарий