Депутаттар нашақорлар арасында танымал «Трамадол Короліне» қарсы соғыс бастады

0
58

Әзірге парламентшілер кері шегінуде.

Құрамында есірткіге барабар заттары бар дәрі-дәрмектің еркін сатылымына тосқауыл қоятын «есірткі, психотроптық заттардың және олардың прекурсорларының заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл» жөніндегі заңының жобасына VII шақырылымдағы Парламенттің депутаттары ІІІ сессиясы барысында бастамашы болған еді.

Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрайымы, депутат Снежанна Имашеваның айтуынша, бұл заң жастарды қынадай қырып, ұлтты болашағынан айырғалы жатқан синтетикалық есірткіге тоспа құруды да қарастырады.

«Синтетикалық есірткі аз ғана уақыт ішінде бүкіл әлемге кең таралып кетті. Қазақстанға бұл кесел зұлмат болды. Синтетикалық есірткі деген дәстүрлі кокаин, героин сияқты ауыр есірткілерден арзан және қолжетімді. Мұндай есірткінің өндірісі де қарапайым және ерекше дайындық пен дағдыны талап етпейді. Оған қоса синтетиканың барлық компоненттері елде заңды сатылады. Мәселен, жекелеген органикалық қосылыстар, ацетон, этил спирті және сірке қышқылы сияқты заттар есірткі қоспасын жасауда пайдаланылады. Елімізде есірткі өндірушілер синтетиканы өнеркәсіптік ауқымда жасап жатыр, оларға керекті жабдықтар мен прекурсорларды тасымалдауды пысықай дилерлер тұрақты схемаға айналдырған», – деді ол.

Салдарынан, синтетикалық есірткі жасайтын лабораториялар күннен-күнге көбейіп жатыр. Парламент заң жобасын созбалаңға салып жатқанда, проблеманың қандай қарқынмен өршіп бара жатқанын мына ресми деректен байқауға болады.

Егер 2019 жылы – 3 есірткі зертханасы табылып жойылса, 2020 жылы олардың саны 8-ге жетті. 2023 жылы 81 жасырын лаборатория жойылды. Жойылмағаны қанша?

2019 жылы 10 келі прекурсор тәркіленсе, 2020 жылы тек тәркіленгенінің көлемі 50 келіге жетті. 2023 жылы 1 тоннадан асып кетті. Биылғы көрсеткіш бұдан да алапат: 2024 жыл басталғалы ғана 31 жасырын есірткі зертханасы табылған. 10 тоннадан астам прекурсор, 2 тоннаға жуық есірткі, 550 келі синтетикалық есірткі тәркіленді.

Заң жобасы авторларының байламынша, жаңа түрі шыға беретін синтетикалық есірткімен күресу үшін бірінші кезекте прекурсорлардың заңсыз айналымының жолын кесу керек. Мамандар ең тиімді бір шара осы дейді. Жаңа заң жобасы тұтынған адамды тез тәуелді ететін аса қауіпті синтектикалық есірткімен және прекурсорлармен күресті күшейтуге тиіс. Бірақ оның қабылдануы кешіктіріліп жатыр.

Сарапшылар қолданыстағы заңнамада прекурсорлардың тек контрабандасы үшін жауапкершілік қарастырылғанына назар аудартады. Прекурсорлардың заңсыз айналымы үшін ешқандай жауапкершілік жоқ! Осы мақсатта жаңа заң жобасында Қылмыстық кодекстің 301 және 303-баптарына прекурсорлардың заңсыз айналымы үшін жауаптылықты көздейтін түзетулер енгізу ұсынылды.

Құжаттағы басты жаңалық – «күшті әсер ететін заттардың» еркін айналымын шектеу. Өйткені С.Имашеваның айтуынша, оларға жататын «Тропикамид», «Азоттың тотығы», «Сомнол», «Прегабалин», сол сияқты медпрепараттарды әсіресе, жастар көп пайдаланып, «кайф» аулайды.

«Бұл заттарды есірткіге тәуелді адамдар синтетикалық есірткінің әсерін күшейту үшін пайдаланады, соның кесірінен бұл препараттардың медициналық емес айналымы өршіп кетті. Мысалы, «Тропикамид» атты көз тамшыларын нашақорлар мұрынға тамызады, тамырларына жібереді, сөйтіп галюциногендік әсер алады. Немесе синтетикалық есірткінің әсерін күшейтеді. Қазіргі кезде осы дәрілік заттарды рецептісіз бергені, олармен жұмыс істеу қағидаларын бұзғаны үшін тек әкімшілік айыппұл қарастырылған. Бұл оларды медициналық емес мақсатта сататын қаскөйлерге тосқауыл бола алмады», – деді С.Имашева.


ПІКІР ЖАЗУ