10 миллиард теңге үшін сотталған кәсіпкер тағы 4,4 миллиардтың пәтерін иемденбек болған
Бір кездері 1,5 мың үлескердің 10 миллиард теңгесін жымқырғаны үшін түрмеге қамалған Айдын Байжұманов бостандыққа шыққан соң тағы бір айлаға барған. Тергеушілердің айтуынша, ол бұл жолы Астанадағы мұқтаж отбасыларға берілуі тиіс пәтерлерді жалған құжатпен иемденбек болған. Тіпті осы іске полиция қызметкерлерінің де қатысы бар болып шықты, деп хабарлайды Politico.kz.
Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігі (ҚМА) хабарлады. Ведомство Бас прокуратураның үйлестіруімен жүргізілген қылмыстық істің тергеуі аяқталғанын мәлімдеді.
Бұл оқиғаның тамыры бірнеше жыл бұрынғы үлескерлер дауына барып тіреледі. ҚМА мәліметінше, кезінде «Төленді» тұрғын үй-құрылыс кооперативін басқарған Айдын Байжұманов 1,5 мың үлескердің 10 миллиард теңгесін жымқыруды ұйымдастырған. Сол үшін 2016 жылы 8 жылға бас бостандығынан айырылған.
Кейін Астана әкімдігінің араласуымен аяқсыз қалған тұрғын үйлердің құрылысы біткен. Пәтерлердің бір бөлігі көпбалалы отбасыларға, жетім балаларға, мүгедектігі бар азаматтарға және әлеуметтік жағынан осал топтарға берілуге тиіс еді.
Алайда түрмеден шыққан Байжұманов сыбайластарымен бірге осы баспаналарды иемденудің жолын ойластырған.
Жалған үлескерлерді қалай пайдаланған?
ҚМА дерегінше, күдіктілер шын мәнінде құрылысқа ақша салмаған, пәтер сатып алмаған адамдардың атына кооперативке жарна төлегені туралы жалған шарттар жасаған. Құжаттар бұрынғы күнмен рәсімделген.
Мұнымен шектелмеген. Жалған үлескерлердің атынан құқық қорғау органдарына алаяқтық туралы арыз түсірілген. Сол арыздар бойынша қылмыстық істер қозғалып, өтініш берген азаматтар жәбірленуші деп танылған.
ҚМА-ның мәліметінше, күдіктілер осы қылмыстық істер мен сот шешімдерін пайдаланып, пәтерлерді өз аттарына рәсімдеуді жоспарлаған. Кейін баспаналарды сатып, ақшасын бөліспек болған.
Тергеу барысында бұл іске 80-нен астам жалған үлескер тартылғаны анықталған. Олардың атына 170 жылжымайтын мүлікті рәсімдеу көзделген.
Агенттіктің хабарлауынша, жалпы құны 4,4 миллиард теңгеден асатын пәтерлерді заңсыз иемденуге жол берілмеген.
Қылмыстық топтың әр мүшесіне өз міндеті жүктелген. Біреулері жалған үлескерлерді тауып, олардың атына құжат дайындаса, басқалары сол шарттарды өзге азаматтарға сатып, қылмыстық істердің жүргізілуіне ықпал еткен.
Сөйтіп, жалған шарттарды сатып алған азаматтар да шығынға батқан. ҚМА олардың 400 миллион теңгеден астам қаржысынан айырылғанын хабарлады.
Іске полиция қызметкерлері де араласқан
Тергеу барысында бұл іске полиция қызметкерлерінің де қатысы бары анықталған, деп мәлімдеді агенттік.
Оларға қатысты қызметтік өкілеттігін теріс пайдалану және дәлелдемелерді бұрмалау деректері бойынша тергеу басталған.
Жалпы қылмыстық іс бойынша 19 адам күдікті деп танылған. Олардың тоғызы қамауға алынды.
Сондай-ақ күдіктілердің жалпы құны 250 миллион теңгеден асатын мүлкіне тыйым салынған.
Қазір сотқа дейінгі тергеу аяқталып, іске қатысушылар жиналған материалдармен таныса бастаған. ҚМА өзге мәліметтер Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес жарияланбайтынын ескертті.
Соңғы жаңалықтар