110 мың теңге жалақы, үш жылдық мораторий: Үкіметтің жаңа жоспары жарияланды

110 мың теңге жалақы, үш жылдық мораторий: Үкіметтің жаңа жоспары жарияланды
Фото: Үкімет

Қазақстанда 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы мөлшерін 110 мың теңгеге дейін арттыру жоспарланып отыр. Сонымен қатар микро және шағын бизнесті тексеруге үш жылдық мораторий енгізу мәселесі қаралады. Бұл туралы Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин Үкімет отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды Politico.kz.

Вице-министр мемлекет басшысының «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауын жүзеге асыру жөніндегі шаралар кешенін таныстырды.

Халықтың табысын арттыру көзделген

Үкімет халықтың нақты табысын арттыруды экономиканың тұрақты әрі сапалы өсуі және инфляцияны төмендету арқылы қамтамасыз етуді жоспарлап отыр.

Осы мақсатта баға белгілеу мен тарифтік саясатты кешенді бақылау шаралары күшейтіледі.

Шағын бизнесті тексеруге мораторий енгізілуі мүмкін

Кәсіпкерлікті қолдау үшін орта бизнесті дамыту жоспары әзірленеді. Құжатта бизнесті ұзақ мерзімді қаржыландыру, технологиялық жаңғырту және кәсіпкерлерге түсетін әкімшілік жүктемені азайту тетіктері қарастырылмақ.

«Құрылтай депутаттарымен бірлесіп, 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап микро және шағын кәсіпкерлік субъектілерін тексеруге және профилактикалық бақылауға үш жылдық мораторий енгізу мәселесі қаралады», – деді Азамат Әмрин.

Сонымен қатар кәсіпкерлерді мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор компанияларының сатып алуларына тарту тетіктерін жетілдіру жоспарланып отыр.

Салық саясатына өзгерістер енгізілуі мүмкін

Ұлттық экономика министрлігі бизнес-қоғамдастықтың ұсыныстарын ескере отырып, Салық кодексіне өзгерістер енгізу жөніндегі ұсыныстар пакетін қалыптастырған.

Сондай-ақ халықаралық тәжірибені ескере отырып, ірі капитал иелері үшін жоғары салық мөлшерлемесін енгізу мүмкіндігі қарастырылады.

Бұдан бөлек, инфрақұрылымды ауқымды дамыту үшін Инфрақұрылымдық даму қоры құрылды. Оның жұмысы Мемлекет басшысының Жолдауында белгіленген инфрақұрылымдық міндеттерді жүзеге асыруға бағытталмақ.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу