Кентауда екі жастың өмірін қиған дәмхана жарылысы: кінәлілер сотталды
Кентау қаласында Жаңа жыл түні дәмханада орын алған газ баллонының жарылысына қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды Politico.kz.
Қайғылы оқиға салдарынан шаңырақ көтеруге дайындалып жүрген қос ғашық көз жұмған еді. 18 жастағы Дана Сағынғалиқызы оқиға орнында тіл тартпай кетсе, денесінің 90 пайызын күйік шалған Бақдәулет Мұса сегіз күннен кейін жансақтау бөлімінде қайтыс болған. Куәгерлер дәмханада бастапқы өрт сөндіру құралдары болмағандықтан, өртті қымызбен сөндіруге мәжбүр болғандарын айтқан болатын.
Сот шешімімен іс бойынша екі айыпталушыға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды:
- Өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзған дәмхана иесі Ақжан Абдрасұлы ҚР Қылмыстық кодексінің 292-бабы 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ оған 3 жыл бойы кәсіпкерлікпен айналысуға тыйым салынып, сот залынан қамауға алынды. Сонымен қатар ол марқұмдардың ата-анасына 10 миллион теңгеден (жалпы 20 млн теңге) моральдық өтемақы төлеуге міндеттелді.
- Газды пайдалану талаптарын бұзып, тұрмыстық баллонға газ толтырып берген жанар-жағармай бекетінің 23 жастағы оператор-кассирі 4 жылға сотталды. Жәбірленуші тараптың оған кешірім беруі де жазадан құтқара алмады.
Марқұм Бақдәулет Мұсаның анасы Шолпан Ахметова сот шешімін қолдайтынын және бұл жайт өзге де кәсіпкерлерге сабақ болуы керектігін жеткізді:
«Олар сотталғанымен, үйіне оралады, анасын көреді. Ал мен баламды енді ешқашан көре алмаймын. Сондықтан әділ шешім шықты деп ойлаймын. Басқа кәсіпкерлер өрт қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарасын деймін. Бұл оқиға болмағанда баламды үйлендіріп, қос жас бақытты өмір сүріп отырар еді», — деді марқұмның анасы.
Соңғы жаңалықтар