17 минут vs 2 сағат: Қазақстанда әйелдер мен ерлер тамақ жасауға қанша уақыт жұмсайды?
Қоғамдағы демографиялық өзгерістер мен гендерлік алшақтық мәселелері соңғы жылдары өзекті тақырыптардың біріне айналды. Сарапшылардың айтуынша, құндылықтар қайшылығы мен экономикалық факторлар отбасы институты мен демографиялық көрсеткіштерге тікелей әсер етіп отыр. Paperlab қолданбалы зерттеулер орталығының өкілі Дарина Дәулетбек гендерлік теңсіздіктің салдары, халықаралық тәжірибе және Қазақстандағы қазіргі жағдай туралы өз ойын бөлісті, деп хабарлайды Politico.kz.
Бұл туралы маман «Жиза» подкастында әңгімеледі.
Әлемдік практикада гендерлік алшақтық пен экономикалық қысымның шектен тыс күшеюі демографиялық дағдарысқа әкеп соғатынын байқауға болады. Мұндай үрдістің айқын мысалы ретінде Азияның дамыған елдері аталды.
«Қазіргі алшақтықтың түп-тамыры гендерлік теңсіздікте жатыр деп ойлаймын. Басқа елдерді мысалға келтірейін. Ең шектен шыққан мысал — Оңтүстік Корея. Бұл елде халық санын бірқалыпты ұстап тұру үшін туудың жиынтық коэффициенті 2,1 болуы керек болса, оларда бұл көрсеткіш 0,8-ді құрайды. Онда әйелдер бүкіл репродуктивті жасында орта есеппен бір баладан да аз босанады. Оларда кері қайтар жол жоқ, өйткені демография уақытпен шектелген. Егер бұл үдеріс орын алса, болды. Енді оларды өте үлкен демографиялық құлдырау күтіп тұр. Қайта қалпына келе ме, жоқ па — белгісіз», — деді Дарина Дәулетбек.
Демографиялық көрсеткіштердің төмендеуіне тек қаржылық жүктеме емес, сонымен бірге қоғамдағы көзқарастардың алшақтауы да ықпал етеді. Статистикалық зерттеулерде бұл құбылыс құндылықтардың екі түрлі бағытта дамуымен түсіндіріледі.
«Бірінші себеп — экономика. Оларда өмір сүру және баспана сатып алу өте қымбат. Екінші себеп — гендерлік құндылықтардағы өте үлкен алшақтық. Бұл ел соңғы 10-15 жылдағы өзгерістерді айқын көрсетеді. Статистикада екі түрлі фактордың қарама-қарсы бағытта жылжуын «статистика қайшысы» деп атайды. Оңтүстік Кореяда әйелдер либералды, ал ер адамдар консервативті көзқарасты көбірек ұстана бастады. Бұл қауіп бізге де төніп тұр. Біз бұл алшақтықты, әсіресе қалаларда, ақырындап байқап келеміз. Урбанизация туралы айтсақ, қалалар біздегі статистиканың басты драйвері болып отыр. Біз бұл қауіпті көріп отырмыз», — деді Дарина Дәулетбек.
Қазақстандағы әлеуметтік және саяси құндылықтарды талдау барысында гендерлік теңдік мәселесі қоғам пікірін екіге жаратын негізгі факторлардың бірі екені анықталды. Осыған байланысты сарапшылар арнайы зерттеу жүргізуді жоспарлап отыр.
«Жақында Paperlab орталығында антигендерлік нарративтерге қатысты зерттеу жүргізгіміз келеді. Мәселені түсінуге тырысамыз, себебі «бәріне интернет кінәлі, интернетке дейін мұндай мәселе болмаған, өйткені құндылықтар мен либерализмнің не екенін білмедік» дейтін зерттеушілер өте көп. Біз де осыны тексеріп көргіміз келеді. Әлі толық зерттемедік, бірақ әлеуметтік желілерді бақылаймыз. Гендерлік алшақтықты тексеру ойымызда бар. Саяси құндылықтар бойынша жүргізген зерттеуімізде гендер мен гендерлік теңдік елдегі ең қоғамды бөлетін тақырыптардың бірі екенін көре алдық. Халық «әйелдер саясатта болуы керек пе?», «әйелдерден жақсы көшбасшы шыға ма?» деген сұрақтарда өзара келісе алмайды. Бұл — өте өкінішті әрі қауіпті жағдай, өйткені әйелдер елдегі жұмыс күшінің 50%-ын құрайды», — деді Дарина Дәулетбек.
Қоғамдағы көзқарастардан бөлек, күнделікті тұрмыстық жүктеменің бөлінісі де гендерлік алшақтықтың деңгейін көрсетеді. Ұлттық статистика деректеріне сүйенсек, ақы төленбейтін үй шаруасына жұмсалатын уақыт мөлшері соңғы онжылдықта айтарлықтай өзгермеген.
«Тағы бір өте өкінішті жағдай бар. Қазақстанда бірнеше жыл сайын жүргізілетін «Уақыт бюджеті бойынша модельдік зерттеу» деген өте керемет зерттеу бар. Биліктегі зерттеушілер үйлерді аралап: «Тамақ дайындауға қанша уақыт жұмсайсыз?», «Басқа үй шаруасына қанша уақыт кетеді?» деп сұрайды. Олар ақылы және ақысыз жұмысқа қанша уақыт кететінін анықтайды. Бізде 2012 және 2024 жылдардағы статистика бар. Әйелдер мен ер адамдар ақы төленбейтін үй шаруасына қанша уақыт жұмсайды? 2012 жылы әйелдер күнделікті 4 сағат 6 минут, ал ер адамдар 1 сағат 51 минут жұмсаған. Айырмашылық — екі есе. 2024 жылы ер адамдар 1 сағат 31 минут, ал әйелдер 3 сағат 46 минут жұмсайды. Алшақтық сәл азайғанымен, бұрынғыдай сақталып отыр. Бұл адамдардың табысы өсіп, кейбір шаруаларды тапсыруға (делегирование) мүмкіндігі пайда болғанын білдіреді», — деді Дарина Дәулетбек.
Ресми еңбек нарығындағы теңдей қатысуға қарамастан, отбасылық міндеттердегі дисбаланс әйелдерге қосымша физикалық және ментальды жүктеме түсіріп отыр. Бұл жағдай отбасы моделінің қалыптасуына да ықпал етеді.
«Тамақ дайындауға келсек: әйелдер күніне шамамен 2 сағат жұмсайды, ал ер адамдар — 17-ақ минут. Бұл неліктен маңызды? Өйткені әйелдер мен ер адамдардың ақы төленетін ресми жұмысқа жұмсайтын уақытындағы айырмашылық 8 сағаттық жұмыс күнінде бары-жоғы 1 сағатты құрайды. Ал ақы төленбейтін үй шаруасындағы айырмашылық — 3 сағат. Бізде әлі де әйелдерге түсетін ментальды және физикалық жүктеме өте үлкен. Сонымен бірге әйелдерден жұмыста да толық нәтиже талап етіледі. Соғыстан кейінгі Американың арманы болған нуклеарлы отбасы — бұл әкесі, анасы және олардың биологиялық балаларынан тұратын отбасы моделі», — деді Дарина Дәулетбек.
Соңғы жаңалықтар