20 жоба: Үкімет қазақ жерінің қойнауын зерттеуге 40 миллиард теңгеден астам қаражат бөлді

23.02.2026 14:49 Арман Ермеков
20 жоба: Үкімет қазақ жерінің қойнауын зерттеуге 40 миллиард теңгеден астам қаражат бөлді
39
Фото: Максим Золотухин

Үкімет резервінен кешенді геологиялық барлау жұмыстарын жүргізуге 40,7 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінбек, деп хабарлайды Politico.kz.

Премьер-министр Олжас Бектенов тиісті қаулыға қол қойып, президент тапсырмасы аясында еліміздің минералдық-шикізат базасын толықтыру үшін 20 геологиялық жобаны қаржыландыру мақұлданды.

Бөлінген қаражат 1:50 000 масштабтағы 20 геологиялық түсірілім жобасын бастауға бағытталады. Бұл жұмыстар 100 мың шаршы шақырым аумақты қамтиды, ал әр учаскенің орташа көлемі 5 мың шаршы шақырымды құрайды. Мамандар заманауи геофизикалық және геохимиялық зерттеу әдістерін қолданып, деректерді цифрлық өңдеу арқылы өзекті карталар жасайды. Осылайша олар болашағы бар жаңа кен орындарын анықтауға мүмкіндік алады.

Биылғы жоспар бойынша далалық жұмыстар жүргізіліп, мамандар бұрғылау және арықтар қазу ісімен айналысады. Маусым аяқталған соң жиналған сынамалар зертханаларда алдын ала талдаудан өтеді. Бұл зерттеулер Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Маңғыстау, Түркістан, Абай және Ұлытау облыстарында жүргізіледі. Сонымен қатар Шу-Сарысу мен Солтүстік Торғай аумақтарында мұнай мен газ кен орындарын іздеу үшін 6 сейсмикалық барлау жобасын іске асыру көзделген. Ол аймақтарда көмірсутектердің көлемін нақты бағалап, перспективалы құрылымдарды табу жоспарланып отыр.

Мұндай бастамалар табиғи ресурстарды тиімді пайдаланып, жер қойнауын игеруге инвесторларды тарту үшін өте маңызды. Барлық жобаларды 2028 жылдың соңына дейін аяқтау көзделген. Жалпы алдағы 3 жыл ішінде мемлекеттік геологиялық зерттеулерге шамамен 240 миллиард теңге қарастырылып отыр. Үкіметтің хабарлауынша бұл шаралар еліміздің аумағын зерттеу деңгейін арттырып, Қазақстанның минералдық-шикізат базасын толықтыруға жол ашады.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Войдите, чтобы оставить комментарий