2023-тен бері іздеуде жүрген «Алматыэлектротранс» басшысы Испанияда шалқып өмір сүріп жүр
Коррупциямен күреске бағытталған Transparency International Deutschland e.V. ұйымының мүшесі Әсел Темірова халықаралық іздеудегі Берікхан Мырзакәрімовтің нақты қайда екенін хабарлады, деп хабарлайды Politico.kz.
Темірова өзінің Facebook парақшасында «Алматыэлектротранс» компаниясының бұрынғы бас директоры қазір Испанияның Валенсия қаласында емін-еркін өмір сүріп жатқанын жазды.
«Бас прокуратурадағы тамыр-таныстарымен мақтанатын «Алматыэлектротранс» ЖШС-нің бұрынғы бас директоры Берікхан Мырзакәрімов 2023 жылдан бері іздеуде жүр, алайда оны әлдебір түсініксіз себептермен таба алмай жатқан көрінеді. Әлде тапқылары келмей ме?
Мен айтып жіберейін. Берікхан Мырзакәрімов Испания қалаларының бірі – Валенсияда алаңсыз, тіпті шалқып өмір сүріп жатыр. Ол Байбекпен жақсы араласады, айтпақшы, оны да ешкім іздеп жатқан жоқ... Мұның бәрі көптеген сұрақ туғызады, бірақ ең басты сұрақ – Бас прокуратурада оны кім қалқалап отыр?» – деп жазды белсенді.
Айта кетейік, Берікхан Мырзакәрімов Алматы қаласының троллейбус және автобус маршруттарына, сондай-ақ жолаушылар тасымалына жауап беретін кәсіпорынды 2021 жылдың ақпанында басқарған болатын. Оның тұсында көлік паркі белсенді жаңартылғанымен, мемлекеттік келісімшартпен сатып алынған автобустар жаппай істен шығып, қалада «автобустар зираты» пайда болды. Бұл жағдай қоғамда үлкен дау туғызып, бюджет қаржысының жұмсалуына қатысты сұрақтарды көбейткен еді.
Қаржылық мониторинг агенттігінің бастамасымен Алматы бойынша экономикалық тергеу департаменті 2023 жылдың 26 желтоқсанында Мырзакәрімовке қатысты іс қозғап, іздеу жариялаған. Ол 2024 жылдың қаңтарынан бастап халықаралық іздеуге ілінген, алайда оның жүрген жері анықталмағандықтан қаржы жымқыру дерегі бойынша тергеу уақытша тоқтатылған.
Еске салсақ, Мырзакәрімовке дейін осы компанияны басқарған Бекмырза Игенбердинов те атқарылған жұмыстар актісіне қол қою үшін 160 мың доллар пара алғаны үшін 2023 жылы 5 жылға сотталған болатын.
Соңғы жаңалықтар