Испаниядағы пойыз апатынан қаза тапқандар саны 64-ке жетті: Тоқаев көңіл айтты
Испанияның Толедо провинциясында болған жойқын теміржол апатынан кемінде 64 адам қаза тапты, деп хабарлайды Politico.kz.
Тағы ондаған адам ауыр жарақат алған. Осы қайғылы оқиғаға байланысты Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Испания королі VI Фелипеге көңіл айту жеделхатын жолдады.
Мемлекет басшысы теміржол апаты салдарынан көптеген адамның қаза табуына байланысты Испания монархына, марқұмдардың отбасыларына және бүкіл испан халқына қайғыра көңіл айтты. Сондай-ақ зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдірді.
Алдын ала мәліметтерге сәйкес, апат Толедо провинциясындағы Лос-Йебенес пен Урда елді мекендерінің арасында болған. Мадридтен Севильяға бағыт алған екі жүрдек пойыздың құрамында 500-ден астам жолаушы болған.
Renfe компаниясына тиесілі AVE пойызында 147 жолаушы, ал Iryo компаниясының пойызында 397 адам болған. Теміржол операторы Adif мәліметінше, AVE пойызы тоқтап тұрған Iryo құрамына арт жағынан соғылған.
Испания премьер-министрі Педро Санчес болған оқиғаға байланысты қатты күйзелгенін мәлімдеп, көлік министрімен тұрақты байланыста екенін жеткізді.
Қаза тапқандар санына қатысты соңғы мәліметтерге сәйкес, бұл теміржол апаты Испанияда 2013 жылдан бері болған ең ірі қайғылы оқиғаға айналды. Сол жылы елдің солтүстік-батысында пойыздың рельстен шығып кетуі салдарынан 80 адам көз жұмған еді.
Соңғы жаңалықтар