2027 жылдан бастап несие алу ережесі өзгереді

27.05.2026 16:59 Мөлдір Қайнар
2027 жылдан бастап несие алу ережесі өзгереді
78
Фото: ашық дереккөз

Қазақстанда 2027 жылдан бастап несие беру талаптарын күшейту жоспарланып отыр. Ұлттық банк халықтың шамадан тыс қарызға батуының алдын алу үшін жаңа шектеулер енгізбек, деп хабарлайды Politico.kz.

Жаңа талапқа сәйкес, азаматтың барлық несиесі мен микрокредитінің жалпы көлемі оның сегіз жылдық табысынан аспауы керек. Егер қарыз жүктемесі белгіленген деңгейден жоғары болса, банк немесе микроқаржы ұйымы жаңа несие беруден бас тартуы мүмкін.

Ұлттық банктің мәліметінше, бұл бастама қаржы жүйесінің тұрақтылығын сақтап, азаматтардың төлем қабілетін бақылауды күшейтуге бағытталған. Сондай-ақ тұтынушылық несиенің бақылаусыз таралуын шектеу көзделіп отыр.

Мамандар соңғы жылдары елде смартфон, той-томалақ және тұрмыстық қажеттіліктер үшін несие алатындар көбейгенін айтады. Соның салдарынан банкроттыққа жүгінетін азаматтар саны да артып келеді.

Дегенмен сарапшылар жаңа шектеулердің кері әсері болуы мүмкін екенін де жоққа шығармайды. Кейбір экономистер мұндай талаптар шағын және орта бизнеске қиындық туғызып, халықтың бір бөлігін бейресми қарыз көздеріне жүгінуге итермелеуі ықтимал екенін ескертті.

Войдите, чтобы оставить комментарий