2027 жылдан бастап Қазақстанда ҰБТ қалай өтетіні белгілі болды
Ғылым және жоғары білім министрлігі 2027 жылдан бастап Бірыңғай ұлттық тестілеудің (ҰБТ) форматын кезең-кезеңімен жаңартуды жоспарлап отыр, деп хабарлайды Politico.kz.
Бұл туралы Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру комитетінің төрағасы Гүлжан Жарасова Үкіметтегі брифингте мәлімдеді.
Оның айтуынша, қазіргі таңда ҰБТ-ны жетілдіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Негізгі мақсат – талапкерлердің тек пәндік білімін ғана емес, сонымен қатар аналитикалық және сыни ойлау қабілеттерін анықтау.
«Қазір ҰБТ білімді тексерумен қатар математикалық және академиялық сауаттылықты бағалайды. Алайда жасанды интеллект пен ақпараттық технологиялар дамыған заманда талапкерлердің ойлау дағдыларына ерекше мән беру қажет. Осыған байланысты тест мазмұны халықаралық стандартталған тесттерге сәйкестендірілмек», – деді Гүлжан Жарасова.
Комитет төрағасы биылғы жылы ҰБТ форматы өзгермейтінін нақтылады. Ал 2027 жылдан бастап енгізілетін жаңашылдықтар талапкерлерге қосымша жүктеме салмайды.
«Бұл өзгерістер абитуриенттердің алған білімін нақты өмірде және оқу үдерісінде қалай қолдана алатынын көрсетуге мүмкіндік береді. Қосымша қиындық немесе ауыртпалық болмайды», – деп сендірді спикер.
Айта кетейік, жаңартылған формат талапкерлердің дайындық деңгейін заманауи талаптарға сай бағалауға бағытталады.
Соңғы жаңалықтар