2,5 миллион адамға 4,2 триллион теңге: Қазақстандағы зейнетақының орташа мөлшері белгілі болды
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2025 жылдың қаржылық қорытындысын жариялады. Ведомство мәліметінше, былтыр қазақстандық зейнеткерлерге бюджеттен рекордтық сома – 4 триллион 225 миллиард теңге төленген, деп хабарлайды Politico.kz
Ресми деректерге сүйенсек, бұл қомақты қаражат 2 миллион 491 мың қарияның есепшотына түскен. Бөлінген соманың басым бөлігі, яғни 2,8 трлн теңгесі – ынтымақты зейнетақыға, ал 1,3 трлн теңгесі базалық төлемдерге бағытталды.
Сандарға үңілсек, 2025 жылдың қорытындысы бойынша еліміздегі жиынтық зейнетақының орташа мөлшері 143 143 теңгені құрады. Оның құрылымы мынадай:
- Ынтымақты зейнетақы – 95 549 теңге;
- Базалық зейнетақы – 47 594 теңге.
Үкімет әлеуметтік төлемдерді инфляция деңгейінен асыра индекстеу саясатын ұстанды. Нәтижесінде, былтыр базалық төлем – 6,5 пайызға, ал ынтымақты зейнетақы – 8,5 пайызға өсті.
Жағымды жаңалықтар биыл да жалғасын тапты. 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап зейнетақы төлемдері тағы 10 пайызға арттырылды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, базалық зейнетақыны кезең-кезеңімен көтеру жұмыстары жүріп жатыр.
Қазіргі таңда базалық зейнетақының көрсеткіштері төмендегідей өзгерді:
- Ең төменгі мөлшері – 35 596 теңге (күнкөріс минимумының 70%-ы);
- Ең жоғары мөлшері – 60 005 теңге (күнкөріс минимумының 118%-ы).
Министрлік өкілдері зейнетақы мөлшері әр азаматқа жеке тағайындалатынын еске салады. Бұл ретте екі негізгі фактор рөл ойнайды: 1998 жылғы 1 қаңтарға дейінгі еңбек өтілі және одан кейінгі кезеңдегі зейнетақы жарналарының аударылуы.
Ереже қарапайым: еңбек өтілі 10 жылдан аспаса немесе мүлде жоқ болса, базалық зейнетақы күнкөріс деңгейінің 70 пайызы көлемінде бекітіледі. Ал 10 жылдан асқан әрбір жыл үшін үстеме 2 пайызға артады. Егер азаматтың өтілі 30 жылдан асса, ол мемлекеттен ең жоғары мөлшерлеме (110-118%) бойынша төлем алады.
Мамандардың айтуынша, міндетті зейнетақы жарналары Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына неғұрлым тұрақты әрі толық аударылса, болашақта алатын төлем соғұрлым қомақты болмақ.
Соңғы жаңалықтар