350 мың теңге зейнетақы үшін 50 миллион теңге жинау керек

Қазақстандықтар 350 мың теңге көлемінде зейнетақы төлемін алу үшін Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында (БЖЗҚ) кемінде 50 миллион теңге жинауы қажет. Бұл туралы БЖЗҚ басқарушы директоры Мұрат Шәріпов мәлімдеді, деп хабарлайды POLITICO.KZ Злобная татешка арнасына сілтеме жасап.
— Егер адамның зейнетақы жинағы 5 миллион теңге болса, ай сайынғы төлем 32 мың теңгені құрайды. Ал егер жинағы 50 миллион теңгеге жетсе, онда оның зейнетақысы 350 мың теңге болады. Бұл қарапайым есеп: жинақ сомасы 6,5%-ға көбейтіледі, осы арқылы жыл сайын инфляцияға байланысты 5%-ға индексацияланатын төлем есептеледі, — деді Шәріпов.
Алайда бұл есеп шынайы әлеуметтік-экономикалық ахуалды ескермейді, дейді сарапшылар. Себебі ресми статистика бойынша еліміздегі жұмыс істейтін азаматтардың 70%-дан астамы орташа жалақыдан төмен табыс табады. Ал әр үшінші қазақстандықтың жалақысы 250 мың теңгеден аспайды.
Экономистердің пікірінше, мұндай жағдайда 50 миллион теңге жинау мүмкін емес. Одан бөлек, инфляция деңгейі де бұл жинақтарды біртіндеп жойып жібереді. Соңғы 10 жылда БЖЗҚ активтерінің табыстылығы жылына бар болғаны 1,16%-ды құраса, 1998 жылдан бергі ресми инфляция 838%-ға жеткен. Яғни, нақты табыстылық теріс мәнде қалып отыр.
«Злобная татешка» арнасы бірнеше рет атап өткендей, БЖЗҚ — тиімсіз құрылым. Ол халыққа да, мемлекетке де пайда әкелмейді. Ең бастысы – қор алдағы бірнеше жылда, тіпті бірнеше айда күйреуі мүмкін.
Қор активтерінің 44%-ы Қаржы министрлігінің облигацияларына салынған. Бұл, сарапшылардың айтуынша, үкіметтің өзін-өзі сақтандыруының ең қарапайым тәсілі. Бұндай құрылым шетелдік санкция жағдайында белгілі бір қорған бола алса да, ол кезде ұлттық валюта күрт құлдырайды.
Қазіргі кезде БЖЗҚ табыстылығы бюджет есебінен қамтамасыз етіліп отыр. Яғни, зейнетақы жинақтары мемлекеттік бюджетті несиелеуге бағытталған. Бұл жүйе ұзақмерзімді перспективада тұрақты емес.
Ұлттық банк зейнетақы активтерінің табыстылығын 2%-ға жеткіземіз деп уәде етуде. Ол үшін тәуекел деңгейі жоғары құралдарға инвестиция салынбақ. Бірақ сонымен бірге банк бұл ақшаны жоғалту қаупі де бар екенін мойындайды.
Сарапшылар қазіргі жүйені қайта қарастырып, кері реформа жүргізу керек деп есептейді. Яғни, ұрпақтар ынтымақтастығына негізделген бұрынғы зейнетақы жүйесіне қайта оралу қажет: жұмыс істейтін азаматтардан жиналатын төлемдер арқылы қазіргі зейнеткерлерге зейнетақы төлеу моделі қайта енгізілуі тиіс.
Соңғы жаңалықтар





