6 млрд теңгені жеп қойған: Депутат алаяқтық схема жайлы мәлімдеді

23.06.2026 17:33 Қарақат АСЫЛОВА
6 млрд теңгені жеп қойған: Депутат алаяқтық схема жайлы мәлімдеді
166
Фото: facebook.com/maxat.tolykbay

Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай Қызылорда, Ақтөбе және Ақмола облыстарындағы жол құрылысына бюджеттен бөлінген 6 млрд теңгенің ізім-ғайым жоғалғанын айтып, жауапты органдардан бұл істі жеке бақылауға алуды талап етті, деп хабарлайды Politico.kz.

Депутаттың сөзіне қарағанда тендерді ұтып алған «Дорстрой» ЖШС-нің есепшотына алғашқы траншпен түскен миллиардтаған қаражат заңсыз шешіп алынған. Салдарынан жол мүлдем салынбай, ал аталған компания әдейі банкрот деп жарияланған.

Мәжілісмен мемлекет қазынасына орасан зор шығын әкелген мұндай істердің артында жоғары деңгейдегі қамқоршылар болуы мүмкін екенін алға тартып отыр.

"Біз бюджеттен жол құрылысына бөлген қыруар қаржы желініп кетті. Республикалық деңгейде жүріп жатқан алаяқтық схемалар тоқтатылмаса, мемлекет қазынасы әлі талай шығынға ұшырайын деп тұр. Бұл – халықтың салығы. Әр тиыны үшін жауап болуы тиіс", — деді Мақсат Толықбай.

Бұл істе «Дорстрой» серіктестігінің бастапқы құрылтайшысы Мұратбек Тілеулиев өзін жәбірленуші ретінде таныстырып, кәсіпорынды Досхан Жүнісов бастаған топ рейдерлік жолмен тартып алғанын мәлімдеген. Оның айтуынша Жүнісов жоғарыдағы таныстары арқылы ірі тендерлер ұтып алуға уәде беріп, компанияның 70 пайыз үлесін өз адамының атына аудартып алған. Кейіннен жалған мөрлер арқылы заңсыз директор тағайындалып, тендерден түскен қыруар қаржы жеке тұлғалар мен түрлі компаниялардың есепшоттарына таратылып кеткен көрінеді.

Қаражаттың қозғалысын нақтылаған Мақсат Толықбай құрылысқа жұмсалуы тиіс 14 млн теңге Е. Қуандықовтың жеке есепшотына түссе, тағы 172 286 000 теңгедей қаражат Р. Искаковтың картасына жіберілгенін атап өтті. Сонымен қатар «Сынақ» ЖШС-не 374 598 242 теңге, ал «Дарын Инвест» ЖШС-не 386 млн теңге заңсыз аударылып, артынша барлығы қолма-қол ақшаға айналдырылған. Дәл осыған ұқсас жағдай «Сапақ» өндірістік кооперативі бойынша да қайталанып, бюджеттен бөлінген 68 557 068 теңгеден астам қаражат жымқырылыпты.

Осы орайда депутат Қызылорда қаласының полициясына 18 арыз түссе де, тергеушілердің әрекетсіз отырғанына назар аударды. Ол Бас прокуратура мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінен, сондай-ақ Қаржылық мониторинг агенттігі мен Ішкі істер министрлігінен барлық кінәлілерді жауапқа тартып, қаржы қозғалысын толық тексеруді және тергеуді созбалаңға салған қызметкерлерге тиісті баға беруді сұрады.

Войдите, чтобы оставить комментарий