FlyArystan ұшағы Павлодарға жетпей, Алматыға кері оралды: не болды?
20 қазанда Алматыдан Павлодарға бағыт алған FS-7131 рейсі Алматы қаласына кері оралды. Осыған байланысты кері бағыттағы FS-7132 рейсі тоқтатылды, деп хабарлайды Politico.kz.
Әуе компаниясының мәліметінше, бұған Павлодар қаласының әуежайында ұшақты мұздануға қарсы өңдеу мүмкіндігінің болмауы себеп болды. Рейс орындалу барысында межелі жерде ауа райы күрт бұзылып, жауын-шашын күтілетіні туралы мәлімет түскен. Мұндай метеожағдайда әуе кемесі ұшу алдында міндетті түрде арнайы сұйықтықпен өңделуі тиіс. Павлодардан қауіпсіз ұшып шығу мүмкін болмай қалу қаупінің алдын алу мақсатында ұшақты Алматыға қайтару туралы шешім қабылданды.
Рейстердің қайта орындалу уақыты туралы қосымша ақпарат беріледі.
Мұздануға қарсы өңдеу не үшін қажет?
Ауа температурасы нөл градусқа жуықтап, жауын-шашын түскен кезде ұшақтың корпусында мұз, қырау немесе қар қабаты жиналуы мүмкін. Бұл әуе кемесі қанаттарының аэродинамикалық қасиеттерін төмендетеді.
Арнайы сұйықтық ұшақ бетіндегі мұз бен қарды кетіріп қана қоймай, олардың қайта пайда болуына жол бермейді. Ұшу қауіпсіздігі ережелеріне сәйкес, тиісті өңдеусіз әуе кемесінің ұшуына қатаң тыйым салынады.
Жолаушылар билетін қалай қайта рәсімдей алады?
FlyArystan жолаушыларға бос орын болған жағдайда билетін ең жақын рейске бір рет тегін қайта рәсімдеуге немесе билет құнын толық қайтарып алуға мүмкіндік береді.
Билетті компанияның мобильді қосымшасы немесе flyarystan.com сайты арқылы сатып алғандар оны «Менің сапарларым» немесе «Брондау және брондауды өзгерту» бөлімінен өз бетінше өзгерте алады не ақшасын қайтара алады.
Ал билетті байланыс орталығы, үшінші тарап сервистері немесе туроператорлар арқылы сатып алған жолаушылар билет рәсімделген жерге хабарласуы керек.
Компанияның хабарлауынша, брондау кезінде көрсетілген телефон нөмірлеріне тиісті хабарламалар жіберілген.
Қосымша ақпарат алу үшін жолаушылар тәулік бойы жұмыс істейтін қолдау қызметіне WhatsApp арқылы +7 702 702 02 27 нөміріне (тек хабарлама жазу үшін) немесе мобильді қосымша мен сайттағы Live-chat арқылы жүгіне алады.
FlyArystan рейстердің қайта басталуы туралы қосымша хабарлайтынын мәлімдеді. Компания жолаушылардан туындаған қолайсыздықтар үшін кешірім сұрап, ұшу қауіпсіздігі басты басымдық екенін атап өтті.
Соңғы жаңалықтар