«6-сыныптың қызы екеуін төбелестіріп қарап тұрған»: 12 жастағы баланың өліміне қатысты тың дерек шықты

23.06.2026 10:01 Әсел МҰРАТ
«6-сыныптың қызы екеуін төбелестіріп қарап тұрған»: 12 жастағы баланың өліміне қатысты тың дерек шықты
204
Фото: әлеуметтік желіден

Алматыда қайтыс болған 12 жастағы балаға қатысты тың дерек шықты, деп хабарлайды Politico.kz.

Оның әжесі журналист Руслан Өтепбайға сұхбат берді

Марқұм баланың әжесі немересінің өліміне байланысты күдіктінің әрекетін түсіне алмайтынын айтып, көз жасына ерік берді.

«Күдіктінің іс-әрекетін мүлде ақтап алуға болмайды. Немеремді жануарды өлтіргендей пышақтап тастаған. 6-сыныптың қызы екеуін төбелестіріп қарап отырған. Ол әлі кішкентай қыз ғой, сабақ оқуы керек. Қылмыскер бала «мен сені былай жеңбесем, басқаша жеңем» деп өлтірген сияқты», – деді марқұмның әжесі.

Алдын ала мәліметтерге сәйкес, қайғылы жағдай 10 маусым күні Алматы қаласында орын алған. 6-сынып оқушысы бірнеше пышақ жарақатын алып, ауыр жарақат салдарынан оқиға орнында көз жұмған.

Полицияның хабарлауынша, қылмысқа қатысы бар деген күдікпен 13 жастағы жасөспірім ұсталған. Белгілі болғандай, ол марқұммен бұрыннан таныс болып, бір ортада араласқан.

Тергеудің бастапқы нұсқасына сәйкес, оқиға балалар арасындағы жанжалдың шиеленісуінен туындаған. Қазіргі уақытта қылмыстық іс бойынша тергеу амалдары жүргізіліп, барлық мән-жай жан-жақты зерттелуде. Сонымен қатар күдіктінің ата-анасының жауапкершілігі мәселесі де қарастырылып жатыр.

Войдите, чтобы оставить комментарий