«7 ай бойы үндемедік»: Жамбылда қайтыс болған оқушының отбасы мұғалімді тексеруді талап етті

28.09.2026 • 15:10 Абзал БАХЫТЖАНОВ
«7 ай бойы үндемедік»: Жамбылда қайтыс болған оқушының отбасы мұғалімді тексеруді талап етті
586
Фото: threads.com/@bereke_0606

Жамбыл облысында 14 жастағы Қали Қуаныш Темірбекұлының туыстары оның өлімін мектептегі жағдаймен байланыстырып, мұғалімді жауапқа тартуды сұрап отыр, деп хабарлайды Politico.kz.

Жетінші сынып оқушысының әпкесі Threads желісінде отбасының 7 айдан бері әділдік күтіп жүргенін жазды.

«Тредске жазамын деген ой болмады, бірақ 7 ай бойы үндемей келдік. Менің інім Қали Қуаныш Темірбекұлы 6 қыздың арасындағы жалғыз ұлымыз, жасы небәрі 14-те», деп жазды ол.

Қуаныш 2026 жылғы 25 ақпанда қайтыс болған. Ол Қордай ауданының Қаракемер ауылындағы Әбіл Нүсіпбаев атындағы №14 орта мектепте оқыған.

Әпкесінің айтуынша, алгебра сабағында жанындағы досы тақтадағы жазуды көрмеген соң, Қуаныш оны телефонға түсірген. Кадрға мұғалім де кіріп кетіп, педагог оқушыға 200 мың теңге айыппұл салатынын айтқан.

«Сосын Қуанышқа түсініктеме жазғызған. “Мен айыппұл салғанына қарсы емеспін” деп жаз деп айтып отырады. Қуаныш мұғалімнің айтқанын жазып отырады», дейді әпкесі.

Туысының жазуынша, мұғалім әкесін шақыртқаннан кейін бала мектептен шығып кеткен. Ол кейінгі сабақтарға келмесе де, дер кезінде ізделмеген, ал телефоны мұғалімде қалған дейді әпкесі. Сол күні баланың денесін әкесінің ағасы тапқан.

Отбасы педагогті баланы өзіне қол жұмсауға жеткізді деп айыптайды.

Әпкесі адвокатқа 500 мың теңге төлегендерін, бірақ нәтиже болмағанын да айтты.

«Қаншама ай сол адвокатқа сеніп отырдық. Ештеңе істей алмайтын болса, неге басында айтпады? Қазір тек шарасыз отырмыз», деп жазды ол.

Отбасы мұғалімді жұмыстан босатып, мектепке тексеру жүргізуді талап етеді. Әпкесі педагог пен директорды туыстығы бар деп те мәлімдеген.

Жамбыл облыстық полиция департаменті қылмыстық іс қозғалғанын растады.

«Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайын анықтау үшін барлық қажетті тергеу әрекеттері жүріп жатыр», деп хабарлады полиция.

Войдите, чтобы оставить комментарий